Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңірі жұртшылығымен кездесуінде жер мәселесіне қатысты айтты.
Президенттің айтуынша, биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жер мемлекетке қайтарылады және ол жергілікті шаруаларға әділ бөлініп беріледі.
Жетісу өлкесінің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті өте зор. Табиғаты – жайлы, жері – құнарлы. Мұнда жер де, су да жетеді. Тек оны тиімді пайдалану керек. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биыл 5 миллион гектарға жуық бос жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Біз осылай ауылдардың маңындағы жер тапшылығы мәселесін шешеміз. Қайтарылған жер жергілікті шаруаларға әділ бөлініп берілуге тиіс. Бұл әділетті қоғам құру жолындағы маңызды қадам болады
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге ол қазір уақытта Жетісу облысы бойынша 100 мың гектардан астам игерілмей жатқан жер анықталғанын айтты. Соның жартысы мемлекет меншігіне қайтарылған.
Жер – халықтың байлығы. Ол барлық азаматтың игілігіне жарауы керек. Әкімдер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы қажет
деді мемлекет басшысы.