Сочи қаласында Ресей президенті Владимир Путинмен екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу өтті.
Соңғы кездесуде Қазақстан президенті Ресейдің агрессиялық саясатын жақтамайтынын білдірген еді. Луганск пен Донецк сепаратистерін мойындамайтынын, санкцияларды айналып өтуге жол бермейтінін, Ресей саясаткерлерінің арандатушы сөздері Ресейдің өзіне зиянды екенін айтты. Бұл жолы ондай өткір тақырыптар қозғалмады. Дегенмен, Тоқаев сөз арасында шекараны құжатпен бекітіп алғанын айтты. Қазіргі геосаяси жағдайдағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Геосаяси жағдайдың ерекшелігі үкіметтерімізге қосымша нұсқаулар беру үшін келісіп алу қажет екенін көрсетіп отыр. Олар бір-бірімен табысты қызмет етіп келеді. Дегенмен өмірдің өзі жаңа міндеттер қояды және олар шешуді қажет етеді. Жалпы, біздің ынтымақтастығымыздың дамып келе жатқанына қанағаттануға толық негіз бар. Бізді ортақ шекара біріктіреді. Ол – әлемдегі ең ұзын, құрлықтағы толығымен делимитацияланған шекара. Біздің ынтымақтастығымыздың болашағына қатысты пессимистік болжамдар жасауға, әрине, негіз жоқ! Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретінде барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастығымызға қосымша серпін беруге ниеттімін,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Путин де екі ел арасындағы қатынастың аса маңызды екенін баса айтты.
Шақыруымды қабыл алғаныңызға рақмет. Біз екеуіміз үнемі кездесіп тұрамыз. Жақында ғана жүздескен едік, бірақ Сочиде кездесуге келістік. Алдымызда өте ауқымды жұмыс бар. Ал биыл ерекше жыл. Біз қазан айында дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығын атап өтеміз. Осы датаға орай түрлі іс-шаралар жоспарланып отыр. Біздің министрліктер мен ведомстволар белсенді жұмыс істеп жатыр. Үкіметаралық комиссия қарқынды жұмыс істеп келеді. Сыртқы істер, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, соның ішінде ҰҚШҰ аясындағы бірлескен оқу-жаттығуларды және тағы басқаларын дайындап жатыр. Тауар айналымы өсіп келеді. Былтыр 34,4 пайызға өссе, биыл бес айда 9 пайызға дерлік, 8,8 пайызға өсті. Инвестициялар екі жақтан да артып келеді. Меніңше, Ресей инвестициясы 18 миллиард долларға жетті, ал Қазақстанның Ресейге салған инвестициясы төрт жарым миллиард шамасында. Қазақстанның сауда-экономикалық серіктестері арасында Ресей бірінші орында тұр. Бізде сондай-ақ жақсы ірі жобалар дамып жатыр. Жоғары технологиялық салаларда, соның ішінде ғарыш саласында жұмыс істейміз. Жалпы, жұмыс барлық бағыт бойынша айтарлықтай қарқынды әрі оң бағытта жүріп жатыр. Біздің кездесуіміз, әрине, сенімді стратегиялық серіктестігімізді дамытуға қосымша серпін беретініне өте қуаныштымын,
деді Ресей басшысы.
Мемлекет басшысы сауда динамикасы дұрыс жағынан дамып келе жатқанына тоқталды. Былтыр сауда көлемі 24,5 миллиард долларды құраған. Президент бұл көрсеткішпен Ресей біздің тауар айналымымызда бірінші орында тұрғанын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ және басқа да халықаралық институттар арқылы белсенді ынтымақтасып келе жатқанымызға тоқталды.
Биыл Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Қазан айында ТМД саммиті өтеді. Оған өзіңіз қатысасыз деген сенімдеміз. Оның үстіне Ресей Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында маңызды рөл атқарады. Бұл – шынымен де халықаралық форматтағы ынтымақтастықтың басым бағыты,
деді Президент.
Президенттің баспасөз хатшысының айтуынша, Сочидегі келіссөздің қорытындысына Тоқаевтың көңілі толды.