Өтпелі кезеңде әлі жүрміз. Қай жерден адастық?

Бүгін Ата заң күні болған соң «Қазақстан Конституциясы осы қазақ халқына не берді?» деген сұрақ көкейге кептелгені рас. Бас-аяғын шолып қарасақ, еліміз «Қазақстан», аты – ұлттық, заты – кеңестік-орыстық, мазмұны – коррупциялық-олигархтық, тілі – орыстық дүбара мемлекет болып қалыптасыпты. Біздің ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіз мемлекетіміз осындай ма еді, деген сауал тастайды әлеуметтік желіде жазушы-публицист Марат Тоқашбаев.

Ол өз жазбасында былай дейді:

Көзбояушылық пен өтірікті қару еткен Назарбаев режимі 30 жыл бойы қазақ халқын адастырып, Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуын тежеп келді. Қазақстанның 1990 жылы 25-қазанда қабылданған мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда, 1991 жылы 16-желтоқсанда қабылданған Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституциялық заңында, 1992 жылы 3-наурызда Қазақстанды ұйымға қабылдау туралы БҰҰ шешімінде оның ұлттық мемлекет ретінде танылғаны мүлде қаперсіз қалдырылды. Сөйтіп Қазақстан қазақтың ұлттық мемлекеті екендігін сипаттайтын басты қағидасы, қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі басты мәртебесі аяққа тапталды.

Іс жүзінде біз Германия, Франция, Испания, Гүржістан, тіпті көрші Өзбекстан сияқты ұлттық мемлекеттігімізді дамытуымыз керек еді. Алайда Н.Назарбаев билігі бұған жол берген жоқ. Керісінше режим Қазақстанда азаматтық мемлекет құруға тырысып бақты, бұл орайда арам ойларын белгілі бір дәрежеде жүзеге асырды да. Осындай қалыптасқан жағдайда қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі алдыңғы биліктің жіберген қылмыстық қателіктерін, ағаттықтарын қаншалықты түзете алуымен бағаланады. Нақтысын айтсақ, билік мемлекеттіліктің о бастағы ұлттық сипатына оралуымен ғана қазақ халқының көңілінен шыға алмақ.

Қазақ халқы – Қазақстан мемлекетін құраушы халық. Әрі саны 70 пайыздан асып отыр. Бұл үстіміздегі жылы 5-маусымда Ата заңға енгізілген өзгерістер арасынан ойып тұрып орын алуы тиіс басты қағидалардың бірі еді. Алайда өкініштісі, біз түпкілікті емес тағы да өтпелі кезеңнің Конституциясына ие болып қалдық. 1995 жылы 30 тамызда қабылданған, қазіргі қолданыстағы 99 баптан тұратын Ата заңымызға 27 жылдың ішінде 149 (тек биыл – 56) түзету мен өзгеріс енгізілді.

Мемлекеттің ұлттық сипатта, қоғамның демократиялық бағытта дамуына жол ашатын бір де бір маңызды өзгеріске жол берілген жоқ. Қолға алынғаны косметикалық өзгерістер ғана.

Қазақстан үшін бұлар тағдыршешті, түбегейлі реформа болып саналмайды. Қазақ халқы үшін Қазақстан Конституциясы «сол баяғы – Байғожаның таяғы» күйінде қалып отыр. Мемлекет құраушы ұлтқа қатысты ескі ұстанымдармен «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес! Яғни саяси сілкіністер, шынайы реформалар әлі алда деген сөз. Билік құбылыстардың салдарымен емес, себебімен жұмыс істеуді үйренгені жөн болар еді.

Мұндайда құттықтауға да құлқың бола бермейді екен. Иә, екі Қазақстан жоқ, екі Ата заңымыз жоқ!

Айдын Қайнарұлы

Recent Posts

Автобус жүргізушісін ұрғаны 3 адамның өліміне әкелген жігіт сотталды

Дархан Ахметжанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Дархан Ахметжанов қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының…

2 дня ago

«Қуандық қажы екен». Бишімбаев бес рет қажылыққа барған

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман әлеуметтік желіде көпшіліктің көкейінде жүрген маңызды сұрақтарға жауап…

2 дня ago

«Имам садақаға түскен ақшаға Lexus алған» дейді

ҚМДБ мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желі қолданушысы Оразбек Садықов тараздық имамның садақаға түскен қаражатқа қымбат көлік сатып алғанын…

2 дня ago

Алматыдағы автобус апаты: Сотталушы соңғы сөзін айтты

Алматыда үш адамның өмірін қиған автобус апатына қатысты қылмыстық іс бойынша сот жарыссөзінде Д.Ахмеджанов соңғы…

2 дня ago

Алматы әуежайында Air Astana ұшқышы есірткімен ұсталды

23 сәуір күні Алматы халықаралық әуежайында полиция қызметкерлері Air Astana әуе компаниясының екінші ұшқышы Қазыбек…

3 дня ago

Түркістанда 90 млн теңге қарызы бар қазақ жүр

Ол аздай, оны полиция ұстап алды. Көшелерді патрульдеу кезінде Түркістан қаласының патрульдік полиция қызметкерлері “Қорғау”…

3 дня ago