Трансплантология: Қазақстан қай елден үйренуі керек?

Біздің елде мәйіттік донорды азаматтар қолдай бермейді. Бұл салада Беларусь Республикасы мықты, тіпті арнайы заң шығарған. Мемлекет азаматтар трансплантацияны қолдауы үшін ағарту саласына көбірек мән береді. Олардың Қазақстаннан қандай артықшылығы бар? Біздің елдегі жағдай қандай? Бұл сауалдарға Беларусь мысалы бойынша жауап береміз.

Алматыда Қазақстан хирургтерінің «Хирургияның және трансплантологияның өзекті мәселелері» деген III съезі өтіп жатыр. Шараға Беларусь Республикасының өкілі арнайы шақырылып, ол елінің тәжірибесін бөлісті.

Беларусь Республикасы трансплантация бойынша көш соңында еді

Беларусь Республикасы орган ауыстыру бойынша Кеңес одағы кезінде басқа елдерден алда болды. Алғашқы трансплантация 1970 жылы жасалған еді. Дегенмен егемендік алғаннан кейін елдегі орган ауыстыру операциясы саны күрт төмендеді.

2005 жылы ДДСҰ статистикасы бойынша, орган ауыстыру операциясы саны жөнінен мемлекет посткеңес елдері ішінде 12-орында (жалпы 15 ел болған еді) тұрды. Бірақ Беларусь бұл орыннан жылдам көтеріле бастады.

Орган ауыстырудың жаңа дәуірін 2008 жылы бауыр ауыстырудан бастадық. Сөйтіп, 2011 жылы трансплантологияны белсенді дамытып жатқан ТОП-50 елге кірдік. Ал 2020 жылғы есеп бойынша, дүниежүзінде ең көп трансплантация жасаған елдер ішінде 22-орынға шықтық,

дейді Беларусь Республикасының акдемигі Олег Руммо.

Биылдың өзінде 235 беларусь азаматы бүйрегін, 65-і өкпесін, 24-і жүрегін, 4 азамат бауырын ауыстырған. Елдің бір азаматы бүйрек ауыстыруды 360 күн күтеді. Бұл Ұлыбритания азаматының күту мерзімінен 3 еседей аз (1 226 күн).

Біздің елдегі жағдай қандай?

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, Беларусьта қайтыс болған соң донор болуға келісетін-келіспейтінін мәлімдегендер ішінде 2 914 адам келіспейтінін айтқан (халық саны — 9, 399 млн адам). Қазақстанда осы күнге дейін 20 мың адам Egov порталы арқылы донор болуға келісетін-келіспейтінін мәлімдеген. Оның 19 мыңы қайтыс болған соң донор болуға рұқсатын бермеген.

Біздің елімізде ағза ауыстыру операциялары 2012 жылдан басталды. Қазірге дейін 2000 азаматтың органы ауыстырылған. Нұр-Сұлтан бойынша транспланттаушы-үйлестіруші Сәуле Шайсұлтанованың мәліметі бойынша, биылғы бірінші тоқсанда елімізде 44 трансплантация жасалған. Оның ішінде тірі донордан 37 операция және қайтыс болғаннан кейінгі донордан 7 операция жасалды.

Қазіргі уақытта жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр алмастыру бойынша 3 557 адам кезекте тұр. Оның 82-сі — бала. Ағзаға зәру науқастардың ішінде ең көп сұранысқа ие орган – бүйрек. 3 148 ересек пен 65 бала бүйрек алмастыру отасына зәру. Ал жүрек трансплантациясы 147 ересек пен 6 балаға керек. Өкпе алмастыру бойынша 17 адам кезек күтіп жүр.

Беларусь мұндай табысқа қалай жетті?

Біріншіден, 1997 жылы «Адам ағзалары мен тіндерін трансплантациялау туралы» заң қабылдады. Оған заман талабына сай төрт рет өзгеріс енгізді. Біздің елде тек трансплантацияға арналған заң жоқ. Орган ауыстыруға қатысты ережелер «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінде ғана жазылған.

Екіншіден, донорлық және трансплантация процесін үйлестіретін құрылымдар жасақтады. Олар — Трансплантацияның бірыңғай тізілімі және Минск медициналық орталығының халықаралық ғылыми-практикалық орталығы. Бұл құрылымдар орган ауыстыру саласын тиімді басқару үшін керек.

Үшіншіден, донор болған адамды оған қаржы беру арқылы ынталандырады.

Төртіншіден, Беларусь Республикасында органды бөлу мекемелерінде сыбайлас жемқорлық пен ақпараттық технологияларды қолдану деңгейі төмен. Оған қоса, монополияға жол берілмейді.

Бесіншіден, өңірлерде орган трансплантациялауды дамытып, трансплантология бөлімдерін құрған.

Алтыншыдан, сәтті шыққан нәтижелерді жер-жерге хабарлайды және дәрігерлерінің қандай біліктіліктен өтіп жатқанын жұртшылыққа жариялап отырады.

Қазақстан азаматтары донор болуға қалай өтініш бере алады немесе бас тарта алады?

Елімізде әр азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағза ауыстыру бойынша келісім бере алады. Бас тартуға да құқы бар. Қазір мұны электрон форматта жүзеге асыруға болады. 2 жылдан бері Egov.kz порталында «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілді. Әрбір азамат электрон қолтаңба арқылы порталға кіріп келісетін-келіспейтінін білдіреді.

Қазақстанда көп адам таңдау жасай бермейді. Осы күнге дейін 20 мың адам таңдауын жасаған. Оның 1 мыңнан астамы келіскен. Қалғаны донорлыққа қарсы.

Пациентке «ми өлімі» диагнозы қойылған кезде оның ағзасын алуға келіскен-келіспегенін жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы білуге болады. Дәрігерлер тірі кезінде донорлыққа келісетін-келіспейтінін таңдамаған адамның туыстарынан рұқсат алады. Рұқсат берсе, керек ағзаны алады, бермесе, амал жоқ, ала алмайды.

Трансплантаттауды күтетіндер тізіміне қалай енуге болады?

Ағзаны ауыстыру қажет екені туралы шешімді мультипәндік топ қабылдайды. Топ органды ауыстыру қажет деп шешсе, бұл ақпарат транспланттаушы үйлестірушіге жіберіледі. Сосын пациенттің аты-жөні күту парағына енгізіледі. Пациентке қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағза ауыстырып салғанша аты-жөні осы тізімде болады.

Күту парағына ену үшін мыналар керек:

  1. Өңірдің денсаулық сақтау басқармасының немесе транспланттау орталығының жанындағы мультипәндік топтың қорытындысы.
  2. Пациенттің дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі.
  3. Пациент туралы мәліметтер.

Осыған байланысты трансплантаттау керек болған кезде азаматты тиісті комиссияға жіберу туралы мәселені шешу үшін тіркелген жері бойынша МСАК ұйымына, учаскелік немесе отбасылық дәрігерге хабарласу қажет.

Қазақстанда ағзаны трансплантаттауды күту парағы ортақ, яғни азамат жалпы тізімге енеді.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

4 дня ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

5 дней ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

6 дней ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

6 дней ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

6 дней ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

1 неделя ago