Categories: Экономика

Қу «Халық банк». Несиені мерзімінен бұрын жапсаң – айыппұл!

Соңғы алты жылдың ішінде 70 мың қарыз алушыға жалпы сомасы 2,2 млрд теңге айыппұл салынды.

Еліміздегі ең ірі банктің қарыз алушылардың құқықтарын жаппай бұзуы 2022 жылдың тамыз айында, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) құжаттық тексерісі барысында анықталды. Әңгіме қарыз алушылар несиені мерзімінен бұрын толық өтеген жағдайда банктің ала алмай қалған пайызы үшін банктің тұрақсыздық айыбын өндіріп алуы туралы болып отыр. Тексеру барысында ҚНРДА 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап сол күнге дейін жалпы құны 2,2 млрд теңге соманы құраған 70 мыңға жуық осындай жағдайды анықтаған.  

Ендеше, соттасайық?

«Банктер туралы Заңның» 39-бабының 5-тармағына сәйкес, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 6 айға дейін, 1 жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап 1 жылға дейін негізгі борышты ішінара мерзімінен бұрын өтеу немесе толық мерзімінен бұрын өтеу жағдайларын қоспағанда, қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін тұрақсыздық айыбын немесе айыппұл санкцияларының өзге де түрлерін алуға құқылы емес. Редакцияның сауалына ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Гүлмира Арбабаева осылай деп жауап берді.

Яғни алты жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның ең «халық» банкі өздерінің қарыз алушыларынан уақытынан бұрын жабылған несиелері үшін 2,2 млрд теңге алып қалған. Өте түсініксіз жағдай – мемлекет несиелерін мүлде төлемегендерді құтқарып әлектенсе, «Халық» адал қарызгерлерін айыппұлмен жазалап жүріпті.

Тексеріс нәтижесі бойынша «Халық» ҚНРДА-нен бұйрық алды:

  • айыппұлдарды жою бойынша іс-шаралар жоспарын ұсыну
  • банктің ішкі нормативтік құжаттарын және үлгілік келісімшарт талаптарын заңнамаға сәйкес келтіру
  • айыппұл ретінде төленген ақшаны клиенттерге қайтару

Ал банк бұған не деп жауап берді? Агенттікті сотқа беріп, тамыздағы бұйрықты заңсыз деп танып, оның күшін жоюды талап етті. 

2023 жылдың 18 қаңтарында «Халыққа» жолданған редакцияның сауалына жауап болмағандықтан, банктің агенттікке қарсы талаптарының неге негізделгенін біз білмейміз.

Сонымен қатар банк реттеушіні бұйрықты орындау үшін дайындалған іс-шаралар жоспары жайлы хабардар етті.

«2022 жылдың 30 қыркүйегінде (осы күнді есте сақтаңыз – ред.) келген № 17117 хат арқылы банк іс-шаралар жоспарын ұсынды және 2022 жылдың 23 қыркүйегінен бастап бұл айыппұл санкцияларының күшін жойды. Банктің ішкі нормативтік құжаттарын және үлгілік келісімшарт талаптарын заңнамаға сәйкес келтіру, сонымен қатар несиені уақытынан бұрын толықтай өтеу кезінде төленген айыппұл санкцияларының сомасын қайтару мәселелері қарастырылды» деп редакцияға ҚНРДА өкілі жауап жазды.

Сіздің қоңырауыңыз біз үшін маңызды емес

2022 жылдың 17 қазанында Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен «Халықтың» ҚНРДА-не түсірген талап арызы қараусыз қайтарылды. Мұндай тілекті банктің өзі білдірген болып шықты. Неге екенін біз де болжадық. Бұйрықты орындау мақсатында әзірленіп, ұсынылған іс-шаралар жоспары екі тарапты да қанағаттандырып, сотқа жүгінудің де қажеті болмай қалған секілді. Немесе банктің заңгерлері басшылыққа агенттікке қарсы наразылық білдірудің мәнсіз екенін жеткізген болар, себебі агенттіктің бұйрығы 100 пайыз дұрыс. Өкінішке орай, банкирлердің бұл әрекетін толық түсіне алмадық.

Тек 2 желтоқсанда «Халық» сөзден іске көше бастады, сол кезде банк  агенттікке ақшаны қайтару механизмі іске қосылғаны туралы және 2022 жылдың 30 желтоқсанына дейін олар ресми сайтта бұл ақпаратты клиенттерге жариялайтыны туралы хабарлама жіберді. Бұл күннің жаңа жылдық қарбаласпен тура келгені де бір қызық.

Шын мәнісінде, «Халық» реттеушіге есеп бергеннен кейін, тек 2023 жылдың 17 қаңтарында, яғни іс-шаралар жоспары бекітілгеннен бері 3,5 ай өткен соң ғана, банктің сайтында «Тарифтер» — «Кредит беру» — «Бөлшек кредит беру бойынша тарифтер» бөлімінде төмендегі ақпарат пайда болды:

Егер Сіз 01.07.2016-30.08.2022 жылдар аралығында берілген заем бойынша толық мерзімінен бұрын өтеуді 6 айға дейінгі (мерзімі 1 жылға дейінгі заем бойынша) және 1 жылға дейінгі (мерзімі 1 жылдан асатын заем бойынша) кезеңде жүзеге асырған болсаңыз, Сіз Банкке тиісті өтініш жасау арқылы толық мерзімінен бұрын өтеу үшін ұсталған комиссиялардың/тұрақсыздық айыбының есебін қайта тексере аласыз.

Біз бұл ақпаратты банктің сайтынан таптық. Табудың өзі оңай болған жоқ. Себебі қаржы институты өздерінің жарнамалық өнімдерін бірден көрінетіндей, әдемі етіп жариялайды. «Тарифтер» бөлімі басты беттің төменгі жағында орналасқан, ал жоғарыда көрсетілген ақпараттық хабарлама құжаттың соңында кіші шрифтті постскриптум түрінде берілген.

Демек артық ақша төлеп, несиелерін жауып кеткен банктің бұрынғы қарыз алушылары мемлекеттік органның бұйрығы бойынша ақшаларын қайтарып алуға құқылы екенін білді ме, жоқ па – бұл белгісіз. Сол 70 мың клиенттің барлығы «Халықтың» сайтының әрбір бөлімін ақтарып, өздеріне қатысты жақсы жаңалығы бар хабарламаны іздейтіні екіталай. Несиелерін жауып тастаған адамдарға мұның керегі не? Бұған қоса, «банкке тиісті өтініш жасау арқылы» деген сөздің өзі шын мәнінде банктен қарызын қайтарып алғысы келген адамның көңілін су сепкендей басады: «Бізге қайта келіп, өз ақшаңызды алып көріңіз».

Шәйнекті қара деген қазан

ҚНРДА  айтуынша «бақылаудағы субъектінің жазбаша бұйрықта белгіленген талаптарды орындау бойынша кешенді шараларды қабылдау мақсатында банкпен тиісті жұмыстар жалғасуда».

Нақты қандай жұмыс екендігі туралы реттеуші үнсіз. Бұған қоса «Халықтың» өздерінің клиенттеріне 2,2 млрд теңгені қайтаруға тиісті мерзім аралығы да белгісіз.

Заң бойынша бұйрықты орындауға берілген нақты уақыт жоқ, яғни бұл істі ешбір салдарсыз бірнеше жылдарға оп-оңай созып алуға болады. Қаржы нарығы мен банкирлердің іс-әрекетін бұлай бақылаудан не пайда?

Банктің өз клиенттеріне ақшаны қайтару туралы қалай хабарлағанын ескерсек, Үміт Шаяхметова командасының клиенттердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге деген ниеттерінің шынайылығына сену қиын.

Ал банк қабылдаған іс-шаралардың жартысы да орындалған жоқ деп мін тағу да мүмкін емес – хабарлама сайтта жарияланып тұр, бұл туралы реттеушіге есеп берілді. Ал оның адресаттарға жеткен-жетпегені маңызды емес. Бастысы, бәрі де заң талабына сай.

2022 жылы 15 қарашада Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің конгресінде «Халық» басшысы Үміт Шаяхметова мен Kaspi басшысы Михаил Ломтадзенің арасында болған ауызша троллинг бірден еске түседі. Онда Шаяхметова бизнесті несиелендіру шарттарын талқылау кезінде жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес үшін тым жоғары мөлшерлемелері туралы айтып Ломтадзені шаншып алмақ болған.

Ал сіздер жеке кәсіпкерлерге қандай тиімді мөлшерлемемен несие бересіздер? Жеке тұлғаларға секілді – 56 пайыз шегінде ме, әлде заңды тұлғаларға секілді – 15-20 пайыз шегінде ме? Сіздің айтуыңызша, жеке кәсіпкер – бұл бизнес. Оларға қандай мөлшерлемемен несие бересіздер?деп күлімсіреді Шаяхметова.

Біз оларға нарықтық мөлшерлеме бойынша және бизнес ретінде несие береміз. Сомасы неғұрлым аз болса, соғұрлым мөлшерлемесі төмен, ал сомасы неғұрлым көп болса, мөлшерлемесі соғұрлым жоғары,деп жауап берді Ломтадзе.

Қос стандарт бойынша жұмыс істеу тек еліміздегі ең ірі банк басшысының ғана қолынан келетін секілді – біреулерге бәсекеге қабілетті пайызбен несие беріп және осы фактімен әріптестерін шағып алуға тырысады, ал енді біріне борыштық міндеттемелерін адал атқарғанына қарамастан заңсыз айыппұл салады. Ақшаның иісі бар ма?

P. S. Редакция 2016 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 30 тамызы аралығында алынған несиелерін мерзімінен бұрын толықтай жапқан, және несиелерін мерзімінен бұрын өтегені үшін айыппұл төлеген «Халық банкінің» бұрынғы қарыз алушыларын іздестіруде.   

Фариза Сагындыкова

Recent Posts

«Мүгедек боп оралды»: Шымкентте әке баласын әскерилер бопсалағанын айтты

Шымкентте әскерилер жас жігітті комиссариатқа күштеп апарып, пара беруге бопсалаған. Мерзімді әскерге шақырылушы ақша таппай,…

15 часов ago

Шымкентте мектеп директоры 48 млн теңге жымқырды

Шымкентте 48 млн теңге жымқырды деген айып тағылған №44 орта мектеп директоры және оның орынбасары,…

16 часов ago

Студенттердің тамақтануы: фастфуд басым болып келе ме?

«Денсаулық» Ұлттық қауымдастығы» ЗТБ және Алматы Менеджмент Университеті (AlmaU) Алматының студент жастарының салауатты өмір салтына…

1 день ago

Ақтауда мектеп күзетшісі оқушы қызды зорламақ болды

Оқиға 11-шағын ауданда орналасқан №10 мектепте жексенбі күні болған, деп хабарлады sadaqmedia.kz. Білім беру ұйымының…

2 дня ago

Бектенов Ақмола облысында Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді

Премьер-Министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды. Үкімет басшысы өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарының барысын…

2 дня ago

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары парамен ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс аудандарының бірінің әкім орынбасары мен…

2 дня ago