Украина президенті Владимир Зеленский 6 қаңтардағы Ұлттық қауіпсіздік және Қорғаныс кеңесінің бірқатар адамдарға жеке санкциялар енгізу туралы шешіміне қол қойды.
Санкциялар тізімінде әншілер Ирина Аллегрова, Роман Архипов, Дима Билан, Сергей Бобунец, Александр Буйнов, Виктория Дайнеко, Валерий Дидюля, Лариса Долина, Валерий Кипелов, Филипп Киркоров, опера әншісі Анна Нетребко, Владимир Пресняков, Стас Пьеха, Пелагея Телегина, Любовь Успенская, Михаил Шуфутинский және Анита Цой бар. Сондай-ақ, санкцияларға үгітшілер Маргарита Симоньян мен Дмитрий Киселев, режиссер Никита Михалков және тележүргізушілер Леонид Якубович пен Дана Борисова кірді.
Тізімде Украинаның үш азаматы бар: тележүргізуші Жанна Бадоева, әнші Лолита Милявская және футболшы Анатолий Тимощук.
Украина президенті Кеңсесінің басшысы Андрей Ермак санкциялар соғыс басталғаннан кейін оккупацияланған аумақтарға барғаны, үгіт-насихат концерттеріне қатысқаны және Путин режимі мен соғысты көпшілік алдында қолдағаны үшін енгізілгенін айтты.