Министр Шарлапаев қазаққа жанашырлық танытар болса, төбемізге көтеріп, арқалап жүрер едік!
Кеше министрмен кездесуде дөңгелек үстелде бұл сөз министрдің өзіне айтылған болатын.
Утильсбор мен алғашқы тіркеуді алдырамыз, халықтың талабын үкіметке, министрге жеткіземіз деп жүрген жігіттерге қарсы петиция ұйымдастырып, жер-жерлерде жиындар өткізіп, қарсы жұмыстар басталып кетіпті.
Автопромға он қайнаса да сорпасы қосылмайтын бір кеніштер мен зауыттардың жұмысшыларын жинап қойып, елдің назарын «ой, бізде автоиндустрия, автопорм тамаша дамып жатыр, егер утилизациялық алым мен алғашқы тіркеуді алып тастаса, елдегі автопромның әлеуеті құлайды» дегенге келтіріпті.
Ашығын айтайық!
Утилизациялық алым елдің, оның ішінде қазақтың соры! Мынау жалған петициялар мен жиындардан бәрібір нәтиже шықпасы анық. Өткенде министрге ауылшаруашылығы саласындағы техникаларға қойылатын утилалым мен басқа да ауыртпалықтардың төбе шашыңды тік тұрғызатынын айттық. Ауыл қазағының техникасы түгілі жері де жоғын айттық. Қазақ баласы 1980 жылғы СССР-дің қаңылтырларын сүйретіп, сваркілеп болса да шаруларын іске асырып, күнін көріп жүргенін айттық. Ауылшаруашылығындағы техникалардан утилалымды алып тастаса, мұнай саласынан да асыра мемлекетке пайда келетінін де айттық. Оны түсінетін, қазаққа жанашырлық танытар министр болса, онда төбемізге көтеріп, арқалап жүрер едік.
Сізге енді төбе шашыңызды тік тұрғызатын мәліметтерді тізбелейік. Бәрін емес, бірен-саранын ғана көріңіз!
Мысалы, Қазақстанда «Есіл» деген маркамен сатылатын Беларусьтық «GS Палессе» комбайны утильалымға дейін 60 млн теңге тұрды, ал утильалымынан кейін оның бағасы 2 жыл ішінде 135 млн теңгеге жетті.
Қазақстанда отандық өндіріс деп саналатын CLAAS комбайндары соғыс болып қирап жатқан Украинаға қарағанда 60-70 пайызға қымбат. Сөзім жоқ.
LOVOL тракторы утильалымы енгізілгеннен бері бірінші жылы Қырғызстанға қарағанда 20 пайызға қымбаттады. Бізде бағасы 23 500 000 болса, Қырғызстанда 16 000 000 теңге тұрады.
Енді осы бағадан кейін ауылшаруашылығын дамытамын деп ойлайсың ба?
Ал енді жеңіл көлікке қатысты бірер мысал келтірейік:
HYUNDAI ELANTRA-ны Оңтүстік Кореядан алып келесің.
Сатып алу бағасы — 7000 доллар;
Алматыға жеткізу — 2500 доллар;
Сатушы қызметкерлерге — 400 доллар;
Доллардың бағамы 450 болса, 4 455 000 теңгеге түседі.
Ал, қызық Қазақстанға келгенде басталады:
Кедендік баж салығы көлік құнының 15 пайызы-472 000т;
Қосымша құн салығы көлік құнының 12 пайызы-378000т;
Сақтандыру СБКТС сертификаты — 300 000т;
Қосымша шығындар — 100 000т;
Утилизациялық алым — 646 100т;
Алғашқы тіркеу алымы — 1 846 000т;
Барлығы 3 742 000т болады.
Көлік Қазақстанға кіргенде өзінің бағасынан 84 пайызға қымбаттап, 8 197 600 теңгеге түседі.
Мен тек қана бір ғана көлікке қатысты мәліметті көрсеттім. Қандай көлік болса да, сіздің қалтаңызды қағып, аямай кредитке батырады.
Кез келген көліктердің жылы мен объемына, жағдайына қатысты алымның мөлшері сұмдық. Негізсіз. Шамадан тыс артық.
Ал, біреулер автопромды дамытып жатырмыз деп, халықтың тамырын теспей, қанын сорып отыр. Жалдамалылар да сұмдық жұмыс істеп жатыр соңғы кезде.
Қазақтар, мынау автоиндустрияны дамыту, автопромның әлеуетін арттыру дегеннің бәрі далбаса! Елдің қалтасын қағып отырып, бұлай автоиндустиряны дамытпай-ақ қойыңдар! Мүлде жауып тастаңдар! Бізде бәрібір ештеңе өндіріліп жатқан жоқ. Қайта жауып тастасаңдар, халыққа әлдеқайда тиімді болар еді. Сендерге рақмет айтар еді.
Қазақтың обалына қалып қашанғы отырар екенсіңдер!?
Бекболат Қаржан