Қазақстандық команданың Верный шыңын (5250 метр) бағындырғаны туралы фильмнің премьералық көрсетілімі өтті. Жалпы, альпинистер аталған шыңды 2022 жылдың жазында бағындырған. Ал жақында осы ерліктері туралы деректі фильм жарыққа шықты.
Қазақстандық альпинистер командасы өте қиын бағдармен жүріп өтті: тау шыңы Орталық Тянь-Шаньда, Қызыл Әскер шыңы (5842 метр) аумағында, Батыс Кокшаал-Тоо жотасында орналасқан.
Қырғызстан мен Қытай шекарасында орналасқан бұл аудан толық зерттелмеген, игерілмеген, ол жерге жетудің өзі өте қиын.
Тауға берілген атаулардың жиі өзгеруі альпинист мамандарға бұл шыңның аса таныс емес екенін байқатады.
Шыңның бірнеше атауы болған: Верный, Тянь-Шань Пти-Дрю, Кафедралды собор және Минск шыңы. Мұнда көтерілген әрбір экспедиция өздерін алғашқы бағындырушылар деп есептеп, шыңға өз атауларын беріп отырған.

Тянь-Шань Пти-Дрю атауы қайндан шыққаны белгісіз. Ал 2002 жылы бұл шыңға шыққан шотландиялық альпинистер Блэр мен Клемптон оған Кафедралды собор атауын берген. Атау шыңның пішініне байланысты қойылса керек. Биік, созылған, расында да шіркеуге ұқсайтындай.
Ал 2006 жылы Беларусияның альпинистері шыңға Минск атауын берген. Олар да тауға шотландиялық команданың жүріп өткен бағдарымен шыққан. Алайда, басында өздерін шыңды алғашқы болып бағындырғанына сенген. Өздеріне дейінгі экспедициялар жайында кейіннен ғана білді.

«Екі жылдан кейін бұл аумаққа тағы келдік. Бұл жолы ауданды, тауға шығатын жолдарды жақсы білдік. Шотландиялықтардың бұл шыңға бірінші болып шыққандарын мойындап, солар қойған Кафедралды собор атауымен атайтынбыз. Бірақ Минскіден шығар алдында аталған шыңға 1988 жылы шыққан экспедиция жайында хат алдым. Алматылық Алексей Иванов пен Виктор Запятой Панфиловшылар дивизиясы шыңының арасымен жүріп өткен. Солар аталған шыңды бірінші болып бағындырып, оған Алма-Атаның бұрынғы атауы – Верныйды берген. Шың осы атаумен «Классификаторға» енгізілді, ал маршрут солтүстік-батыс қабырғасының тірегі бойынша 5А қиындық санатына жатқызылды және оның биіктігі 4850 метр деп бағаланды. Осылайша мен үшін шыңның атауына қатысты сұрақ жабылды», – дейді Беларусь альпинисті Николай Бандалет.
Оның айтуынша, соңғы уақытта шыңға төрт рет саяхат жасалып, үш бағдар салынды. Енді соңғысы – ең қиыны қалып отыр.
Деректі фильмде бірегей кадрлар көрсетілген. Экспедиция мүшедері өздері түсірген бейнематериалдарды өз күшімен монтаждаған. Ал базалық лагерьдегі Красноярск альпинистерінің дронмен түсірген видеосы көрермендерге шыңды бағындырудың қиындығын мен экспедицияның ауқымын сезінуге мүмкіндік береді.
Фильмнің ең құнды бөлігін альпинистердің өздері тура тауға көтеріліп бара жатқанда түсірген. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұл кадрлар мінсіз емес – камераның қозғалуы, объективтегі дақтар байқалады. Дегенмен, дәл осы кадрлар көрерменнің ыстық ықыласын тудырды. Шыңға шығар жолды альпинистердің көзімен көру, тауға солармен бірге шыққандай әсер қалдырады. Фильм көрерменнің таңданысымен қатар, қорқынышын да тудырады. Биіктік, тік жартас, альпинистердің басына ұшқан қар ағыны, қолайсыз ауа райы – бұл кадрларды көргенде бойды үрей билейді.

Айтпақшы, іс-шара өткен Сәтбаев университетінің мәжіліс залында аншлаг болды. Залдың іші кең болғанымен, көрермендерге орын жетіспеді. Адамдар баспалдақтарда отырды, дәліздерде тұрды. Шараға еліміздегі альпинизм спортының көптеген танымал майталмандары, ардагерлері қатысты.
«Шынында бұл өте күрделі техникалық бағдар. Оның ерекшелігі – спортшылардың әлі жақсы зерттемеген және игермеген шыңға шығуы. Әзірге альпинистер тек 2-3 бағдармен жүріп өтті. Верный шыңы – бұл граниттің қара жыныстарынан тұратын, үлкен ішкі бұрышы бар, кей жерлерде еңістігі 82 градусқа дейін жететін үлкен қабырға», – деп түсіндірді шыңды бағындырушылар командасының жаттықтырушысы, альпинизм және спорттық құзға өрмелеу федерациясының вице-президенті Артем Скопин.
Яғни, бүкіл қабырға дерлік теріс еңістікте орналасқан. Жігіттер өздерінің бейнежазбаларында бірнеше рет «мен төбемен жүрмін» деп айтады, және олар шынымен де қабырғаның төбесімен жүрді. Олар бір апта бойы осындай тік жартаста өмір сүрді, тамақтанды, ұйықтады және жұмыс істеді. Бағдардың қиындық санаты – 6Б. Бұл альпинизмнің биіктік-техникалық класындағы ең жоғары санат. Сонымен қатар, бұл аймақта ауа райы тұрақсыз, күніне бірнеше рет өзгеруі мүмкін: ашық, шуақты күні күтпеген жерден қарлы боран соғып, артынан қайтадан күн күрт ашылып кетеді.
«Құзға өрмелеушілер командасында Максим Тен, Роман Шестернин, Леонид Крупа, Закиржан Абдураимов және Станислав Лайпонуло, жаттықтырушылар – Артем Скопин және Вячеслав Титов болды. Бағдардың ұзақтығы – 1670 метр, биіктік айырмасы – 910 метр. Команда үшін бұл алғашқы үлкен, маңызды биіктікті бағындыру болды. Сондай-ақ бұл зерттелмеген жаңа бағдар, онымен ешкім көтерілмеген. Жақсы техникалық дайындық қажет болды. Мұндай техникалық жағынан күрделі бағдарды жүріп өтуге әмбебап қабілеттер керек – спорттық шеберлік, физикалық даярлық, батылдық. Құзға өрмелеу жеті күнге созылды. Жігіттер алты түнін қабырғада өткізді, арнайы алаңдарда ұйықтады. Мұндай тәжірибелері болған жоқ, дегенмен, олардың қолынан келді», – дейді Алматы альпинизм мектебінің аға әдіскер-нұсқаушысы, қазақстандық тау клубының жаттықтырушысы Ада Молгачева.

Көрермендер фильмді толқыныспен тамашалады. Жігіттер үшін алаңдап, олардың батылдығы мен шеберлігіне тәнті болды. Құзға өрмелеушілердің бірінің сөзімен келтірсек, олар жеті күн бойы «тұсқағаз жабыстыра алатындай» теп-тегіс, тік жартаста, терең құздың үстінде жүрді. Таудың ең биік шыңында түнеп шығып, ақыры төменге түскенде, арқаларынан ауыр жүк түскендей күй кешті.
Айта кетерлік жайт, команда қайтар жолда да өздеріне дейінгі басқа альпинистер соққан бағдармен жүрмеді, басқа жолды таңдап, базалық лагерьге бес сағаттың ішінде жеткен. Мұны экраннан тамашалаған дүйім жұрт қошеметін жаудырды.
Фильмнің тұсаукесерінен кейін альпинистерге естелік медальдар табысталды. Оны Эверестті бағындырушы – Қазбек Уәлиевтің өзі табыс етті.
Спортшылардың айтуынша, Верный шыңын бағындыру олардың көптен бергі мақсаты, арманы болған. Оған ұзақ уақыт дайындық жүргізіп, жаттығып, қажетті құрал-жабдықтар жинаған. Осылайша, ерен еңбек пен асқан батылдықтың арқасында дегендеріне жетті.
