«Арқанкерген» бекетінде 15 адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Владислав Челахтың мәлімдемесі Бас прокуратураға түсті. Бұл туралы Бас прокурордың бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев мәлімдеді.
Арыз Бас прокуратураға түсті. Біз оны ары қарай зерттейміз. Өйткені істің қозғалғанына он жыл болғанын білесіздер. Қажет болса, одан жауап алынады,
деді Т. Тәшімбаев брифингте.
Владислав Челах 2012 жылы өмір бойына бас бостандығынан айырылған.
Бұдан бұрын біз оның Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, болған жайды түсіндіру үшін куәлік беруге дайын екенін жазған едік. Челахтың жазған хаты Globalnews редакциясына келіп түсті. Өз хатында ол:
Құрметті президент, көп жыл өтсе де қайғылы оқиға жайлы қайта айтуға дайынмын. Менің бар сұрарым, мені тыңдап, маған мүмкіндік берсеңіздер. Қалай болғанын айтқым келеді және бәрін айтуға дайынмын. Тергеушілерге де бәрін айтуға дайынмын. Оқиғаның қалай болғаны сол күйі ашылмай қалды,
деп жазды.
Владислав Челахқа қатысты қылмыстық іс бойынша қорғаушы тарап Жоғарғы сотқа сот актісін қайта қарау туралы 8 өтінішхат жолдаған. Соның ішінде сотталған Владислав Челах 4 рет, оның анасы Светлана Ващенко 3 рет, адвокат Серік Сәрсенов бір рет өтініш берген.