Қазақстанда жыл сайын із-түзсіз жоғалып кететін азаматтар жайлы жиі естиміз. Әлеуметтік желіне аша қалсақ, «үйден шығып кетіп, қайта оралмады, көрген-білгендер болса, бір хабарын беріңіздерші, суретін таратыңыздаршы» деген азаматтардың өтінішінен көз сүрінеді. Құқық қорғау органдары тайлы-тұяғымен хабар-ошарсыз кеткен азаматтарға республикалық және халықаралық деңгейде іздеу салғанымен, бірі табылады, бірі мүлдем табылмайды.
Бас прокуратураның Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және жасырын тергеу әрекеттерінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы Серік Ақмырзаұлы Кәріпбековтың айтуынша, бүгінде 800-ге жуық адамға іздеу жарияланған. Ал жоғалғандарды іздеу процесіне «Жедел-іздестіру қызметі» туралы Заңы, Қылмыстық процестік кодекс, жедел-іздестіру қызметі субъектілерінің іздестіру жұмыстарын реттейтін нормативтік-құқықтық актілері, басқа да шет ел мемлекеттері арасында ынтымақтастық тұрғыда жасалған келісім шарттар, оның ішінде Интерполдың Халықаралық іздеуді ұйымдастыру туралы Қағидасы зор мүмкіндік береді.

Прокуратура органдары үшін еліміздің әрбір азаматының мүддесіне нұқсан келтірген қылмыскерді ұстау, жауапқа тарту және хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды отбасына қайтаруды қамтамасыз ету – қызметтік міндет.
Кейінгі үш жылда іздеу жарияланған қылмыскерлердің саны 5,3 мыңнан 3,7 мыңға дейін азайды. Мұндай нәтижеге жету үшін өткен жылдары Бас прокуратураның бастамасымен жергілікті прокурор, судья және полиция арасында сотпен формальды іздеу, жариялауды болдырмау мақсатында жасалған меморандум оң әсер етті. Мысалы, сот арқылы іздеу жарияланғандардың саны 2,3 мыңнан 1,2 мыңға дейін төмендеді.
Прокуратура органдарының араласуымен ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған 300-ге жуық адамға халықаралық іздеу жарияланды. Оның 200-ден астамы ұсталды. 600-ден астам қылмыскердің жүрген жері анықталды. Мысалы, кәмелет жасына толмаған қыздарды жыныстық құлдыққа сатқаны үшін былтырдан бері іздеуде жүрген азаматша А. Бахрейн Корольдігінде ұсталды. Ол биыл елімізге экстрадицияланды,
деді С.Кәріпбеков.
Биыл прокуратура органдарымен үйлестіру жұмыстарын тиімді жүргізу нәтижесінде қылмыстары қоғамдық резонанс тудыратын 38 қылмыскер ұсталған. Оның ішінде, қасақана адам өлтірген – 23, қаржы пирамидасын құру бойынша – 6, жаппай тәртіпсіздік – 5, ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқаруды ұйымдастырған 4 адам бар.
Жыл сайын қанша адам хабар-ошарсыз кетеді?
Прокуратура органдары қылмыскерлерді ұстаудан бөлек, із-түзсіз кеткендерді іздеу жұмысына да үлкен қосып келеді. Елімізде жоғалған азаматтардың кейбіреулері тірі, басқалары керісінше өлі күйінде табылады. Енді кейбіреулері әлі күнге дейін іздестіріліп жатыр. Прокуратура органдарының жоғалғандарды іздеу жұмысын ұтымды үйлестіруі арқасында хабар-ошарсыз кеткен адамдардың саны 3,2 мыңнан 1,7 мыңға дейін азайды. Бүгінде Қазақстанда 800-ге жуық адамға іздеу жарияланған.
Жыл сайын орта есеппен әр түрлі жастағы және әлеуметтік топтағы 1,5 мыңдай адам жоғалады. Көбісі жоғалғаннан кейінгі алғашқы айларда табылады, қалғандарына «хабар-ошарсыз кеткен» мәртебесі беріледі. Олардың көбісі психикалық ауытқулары бар адамдар, қарттар мен балалар. Үш жылда кәмелеттік жасқа толмаған 700-ге жуық жасөспірімге іздеу жарияланған. Оларды іздестіру барысында көбінің қайда жүргені анықталып, табылды. Ал қалған 15 жасөспірім іздестіріліп жатыр,
деді Бас прокуратураның өкілі.
Балалар неліктен үйінен безеді?
Хабар-ошарсыз жоғалатындардың арасында ана сүті аузынан кетпеген балалар да бар.
Серік Кәріпбековтың айтуынша, үйінде ата-анасы спирттік ішімдік ішетін, отбасында ұрыс-керіс жиі болатын балалар жиі жоғалады. Тіпті, кейде ата-аналар баласының жоқтығын бірден байқамайды. Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен жанжалдасып немесе балалар үйіндегі тәртіпке бағынғысы келмегендіктен қашады. Балалардың телефонға әуестігі, әлемеуметтік желіде танысуы да жасөспірімдердің жоғалуына әсер ететін факторға айналған. Мәселен, кәмелетке толмаған балалар желіде белгісіз біреулермен танысып, онымен кездесу үшін ата-анасына ескертпестен кетіп қалады. Әсіресе, енді бойжеткен қыздар мұндай жағдайға жиі ұшырайды.
Ересектер қандай жағдайда жоғалады?
Елімізде балалар, ересектермен қоса, қарттар да жоғалады. Қарттар көбінесе есте сақтау қабілетінің жоғалуы немесе қартаю салдарынан жоғалады. Яғни, мұндай адамдардың жоғалуы қылмыспен байланысты емес. Керісінше, бұл оқыс оқиғаларға байланысты болады. Жас, дені сау, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, орта жастағы азаматтардың да із-түзсіз кететін кезі болады. Көп жағдайда олардың жоғалуы – қылмыстық оқиғаларға байланысты. Негізінен 30 жастан 49 жасқа дейінгі ер адамдар әр түрлі жағдайларда жоғалып кетеді екен.
«Прокурорлар адамдардың қандай жағдайда жоғалғанын анықтау мақсатында кешенді тексеру жұмыстарын ұйымдастырды. Берілген нұсқаулардың нәтижесінде жоғалған 300-дей адамның жүрген жері анықталды. Мысалы, Алматы облысында былтыр қыркүйек айында жоғалып кеткен азамат Ш биыл тамыз айында анықталды. Ақмола облысында 1,5 жылдан астам хабар-ошарсыз кеткен азамат Д. биыл шілде айында табылды.
Кейінгі 3 жылда прокуратура органдары іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалап, 600-ден астам тексеру жүргізді. Тексеріс барысында 7,7 мыңдай заңбұзушылық анықталып, 750-ге жуық прокурорлық қадағалау актілері енгізілген. Нәтижесінде 1000-нан астамлауазымды адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды,
деді Серік Ақмырзаұлы.
Сонымен қатар алдағы уақытта прокуратура қылмыскерлерді ұстау және жоғалған азаматтарды іздеу жұмысын үйлестіру бағытындағы шараларды күшейтеді. Бұл үшін ҚР Бас Прокуроры Берік Асылов прокурорларға бірқатар міндет жүктеген.
Шапағат СЕРДӘЛІ