Ақорда Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы әскери қақтығысына алғашқы рет ресми реакция білдірді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаров пен Эмомали Рахмонға қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығысқа байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
Екі ел президентіне жолданған жеделхатта қайғылы оқиғаның салдарынан жауынгерлер мен бейбіт тұрғындардың қаза табуына байланысты көңіл айтып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақырды. Яғни Қазақстан кез келген мәселені тек саяси дипломатиялық әдістермен шешуді жақтайтынын алға тартты.
Тоқаев қырғыз халқына мықты рух, бейбітшілік және бақ-береке тіледі. Рахмонға жолдаған хатында қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектес болды.
14 қыркүйекте қырғыз-тәжік шекарасында әскери қақтығыс басталды. Екі тарап бір-бірін ауыр техникамен шабуылдады деп айыптады. Сол күні кешкісін екі ел атысты тоқтату туралы келіскенімен, екі тарап бір-бірін келісімді бұзды деп кінәлады. Бұған қоса, Бішкек пен Душанбе бір-бірін «әскери агрессия жасады» деп те айыптады.
Қырғыз тарапы 59 адамынан айырылды. Тәжікстан 32 адам қаза болғанын мәлімдеді. Бұған дейін 140 мыңға жуық тұрғын қақтығыс аймағынан көшірілген.
19 қыркүйек Қырғызстанда ұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Жалпы бұл қырғыз-тәжік арасындағы алғашқы дау емес. Екі мемлекеттің мың шақырымға жуық шекарасы әлі күнге ресми нақтыланбаған, соның салдары осындай жағдайға әкелді.