Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттық сайтының жұмысын екі айға тоқтатты. Бұл туралы «Медиазона» сайты хабарлады.
Бұғаттауға Азаттық құзырындағы «Ностаящее время» сайтындағы 16 қыркүйектегі жарияланым себеп болды. Мәдениет министрлігі мамандарының пікірінше, «Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы ауыр шайқас» деп аталатын бейнероликте өшпенділік тілі пайдаланылған және Қырғызстанның көрші мемлекетке шабуыл жасағаны туралы расталмаған ақпарат жарияланған.
17 қыркүйекте Мәдениет министрлігі «Азаттық» сайтына ескерту жасаған, бірақ редакция жауап бермеген. 24 қазанда министрлік заңға сәйкес, материалды 24 сағат ішінде өшіруін талап етті. Редакция басылымды алып тастау үшін техникалық жұмыс жүргізіп жатқанын айтқан. Бірақ 26 қазанға дейін видео өшірілмеген. Осыған байланысты министрлік сайтты Қырғызстанда екі айға бұғаттаған.
«Азат Еуропа/Азаттық» радиосының президенті Джейми Флайдың айтуынша, редакторлар видеоны зерттеген және БАҚ стандарттарына қайшы құқықбұзушылықты таппаған.