Түркияның Ыстанбұл қаласындағы Таксим алаңында болған жарылыс салдарынан алты адам қаза тапты. 80-ге жуығы түрлі жарақаттармен ауруханаға түсті.
Қайғылы оқиға салдарынан Истиклал көшесімен келе жатқан 38 жастағы Арзу Озсой мен оның 15 жасар қызы Ягмур Учар қайтыс болды.


Таксимде 9 жасар қызы Эжринмен серуендеп жүрген Отбасы және әлеуметтік істер министрлігінің 34 жастағы қызметкері Юсуф Мейдан да болған. Олар да лаңкестік әрекеттің құрбанына айналды.

Сондай-ақ 40 жастағы Адем Топкара мен оның 27 жастағы әйелі Мукаддес Элиф Топкара да қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан.

Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу оқиға салдарынан 81 адамның жараланғанын, олардың 50-інің үйлеріне шығарылғанын, бесеуі жансақтау бөлімінде жатқанын мәлімдеді. Тағы екі адамның жағдайы ауыр. Сондай-ақ 24 адам емделіп жатыр.
Еске салайық, 13 қарашада Ыстанбұлдағы Истиглал көшесінде жойқын жарылыс болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркиядағы терактіде қаза тапқандар арасында қазақстандықтардың жоқ екенін хабарлады.