Коронавирус індетінің қайта өршуіне байланысты Қытай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдау көлемін қысқартты. Жоспарлы көрсеткіштер орындалмады.
Бұл туралы үкімет отырысында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті.
Жоспар бойынша 25,3 тоннаға қол жеткізу мүмкін болмады.Оған себеп Қытайдың қатаң санитарлық шектеулері. Қазіргі нақты көрсеткіш – 23,8 млн тонна,
деді министр.
Бұл шекаралық теміржол өткелдерінің өткізу қабілетін екі есеге қысқартты. Транзиттік тасымалдың негізгі бөлігі, яғни 70%-ы немесе 15,4 млн тоннадан астамы Қытайдың үлесіне тиесілі. Бұл Транскаспий бағытында контейнерлік тасымалдауды ұлғайту бойынша мақсатқа қол жеткізуге де әсер етті.
Еске салайық, Қытай пойыздарды қабылдау және тасымалдауға шектеу шараларын енгізді. Осыған байланысты Қытаймен шекарада пойыздарды қабылдау және беру 18 жұп пойыздан 12 жұпқа қысқартылды. Бұл елге келетін және шығатын вагондардың бос тұрып қалуына әкелді, ал ҚХР аумағында (порттарда, терминалдарда) контейнерлер алты айға дейін тоқтап қалған.