Бүгіннен бастап Қытай пандемияға дейінгі еркіндік жағдайына оралмақ. Яғни, ішкі және сыртқы периметр бойынша карантинді алып тастады. Енді тек ПЦР керек. Бірақ мұның бізге қандай қатысы бар? Бұл сұраққа сарапшы Айбар Олжаев жауап беріп көрді.
Сарапшының айтуынша, 10 күннен кейін басталатын Қытай жаңа жылы 15 күнге созылып, Қытай экономикасына елеулі әсер етеді. Ал бұл өзгерістің толқыны біздің елімізге де оң әсер етеді. Атап айтқанда, мұнай бағасы көтеріледі.
«Қытайдағы дәстүр бойынша, олар жаңа жылдарында ел аралайды, туған-туыстарына қонаққа барады. Екі жыл бойы Компартия карантин деп қытайларды үйден шығармай отырды. Енді, осы шектеулер алынып тасталды. Сондықтан биыл бүкіл Қытайдағы тықыршып отырған 1 миллиард халық әрі-бері жөңкіледі деп күтілуде. Бұл міндетті түрде әлемде мұнайдың бағасын көтереді және біздегі Ұлттық қорға да қосымша ақша әкеледі.
Бүгін Brent баррелінің котировкасы 79 доллар деңгейінде болса, 10 күннен кейін кем дегенде 10-15% өсім көрсетуге барлық мүмкіндігі бар»,
дейді сарапшы.
Бұдан кейін экономист цифрлармен мысал келтірді. Болжауынша, биыл Ұлттық қор 2,9 триллион теңге, немесе 6,2 миллиард долларға толығады.
Былтыр Ұлттық қорға 5,2 триллион теңге түсті, 4,6 триллион теңге алынды. 600 миллиард теңге плюсте болды. Биыл 6,1 триллион теңге түседі, 3,2 триллион теңге алынады деген жоспар бар. Егер ешқандай кризис болмай, осы жоспарды ұстасақ, қоржын 2,9 триллион теңге, немесе 6,2 миллиард долларға толығады,
деп болжады Олжаев.
Сондай-ақ, шекараның ашылуы пандемиядан бері жабық тұрған «Қорғас» шекаралық сауда орталығының жұмысын жандандырады. Толық мемлекетке қарайтын кәсіпорын екі жыл ішінде 4 миллиард теңге шығынға ұшырады. Енді биылдан бастап жұмыс істей бастаса, осы шығынын қайтарады деген үміт бар. Одан кейін бюджетке пайда әкеле бастауы тиіс.