Жүк тасымалдаушылар ҚХР-мен шекарадағы «Нұр Жолы» кеден бекетіндегі сыбайлас жемқорлыққа, электрондық кезекті ұзақ күтуге тура келетініне көп уақыттан бері шағымданып келеді. Бас көлік прокуратурасы жүк тасымалдаушыларының наразылығына байланысты тексеру шараларын жүргізді.
Ахуалды шешу мақсатында Бас көлік прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрған. Әрі 24-31 наурыз аралығында «Нұр Жолы» өткізу пунктіне барып, жүк тасымалдаушылармен, мемлекеттік және уәкілетті органдардың өкілдерімен кездесулер өткізді. Осылайша проблемалық мәселелердің туындау себептері анықталып, адал жүк тасымалдаушылардың құқықтарын қорғауға және электрондық кезек процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен шаралар қабылданды.
Анықталғандай, шекара маңындағы дүрбелең «E-border» бағдарламасы жұмыс алгоритмінің жетіксіздігінен орын алған. Бағдарлама жеңіл және ауыл шаруашылығы автокөліктерінің, сондай-ақ жүктерді тасымалдау үшін ҚХР-на шығуға иелерінің мақсаты болмаған автобустардың тіркеу деректерін пайдалану арқылы кезек орындарын «броньдауға» мүмкіндік берді.
Мөлшерлемесі 40 мың АҚШ долларына дейін жеткен жүк тасымалдау бойынша «көлеңкелі қызмет көрсету нарығының» белсенділігімен бұл жағдай күрделене түсіпті.
Нәтижесінде 2000-ға жуық автокөлік алынды.
Сондай-ақ тексеру жұмыстары кезінде өткізу пунктінің аумағында қалдырып кеткен 80-ге жуық ауыр жүк көліктері анықталған. Олардың жүргізушілері тасымалдау қызметтерінің құнын жасанды түрде қымбаттату үшін қасақана ұзақ уақыт бойы ҚХР-на шығуды кешіктіріпті. Мұндай фактілерді болдырмау мақсатында, технологиялық схемаға түзетулер жобасы дайындалды. Оған сәйкес жүк тасымалдаушылар бұдан былай өткізу пунктінің аумағында 72 сағаттан артық болмауы тиіс. Аталған өткізу пунктіндегі ахуалды мониторингілеу жалғасуда.
Сонымен қатар, ҚХР-на виза алудың қиындығына қатысты шағымдар болды. Жүргізушілердің көпшілігінде виза жоқ және тиісті визасы бар басқа жүргізушілермен белгіленген қаражатқа келісуге мәжбүр болуда.
Бас көлік прокуратурасы Сыртқы істер министрлігіне виза алу тәртібі мен шарттарын кеңінен жариялауды, сондай-ақ қажет болған жағдайда осы мәселе бойынша жүк тасымалдаушылармен көшпелі кездесулер өткізуді ұсынды. Одан бөлек, жүктерді тасымалдауға халықаралық рұқсат алуда қиындықтар болған. Бас көлік прокуратурасының бастамасымен рұқсатты тікелей өткізу пунктінде беруді, сондай-ақ жүк тасымалдаушылар үшін артық талаптарды алып тастауды көздейтін ИИДМ мен МКК бірлескен бұйрыққа қол қойды,
деп түсіндірді ведомство.