Тіркелмеген «Демпартия» жетекшісі Жанболат Мамай 2 қарашада тергеу изоляторынан босап шықты. Бұл туралы «Азаттық Радиосы» хабарлады.
Сот оның бұлтартпас шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырған. Азаттықтың хабарлауынша, қарауыл оны көлікпен үйіне жеткізген.
2 қарашада оған қозғалған қылмыстық іс бойынша алғашқы сот 7 қарашада №2 Бостандық аудандық сотында өтеді.
Қазақстанның демократиялық партиясын тіркей алмай келген саяси белсенді Жанболат Мамай биыл ақпанда – Қаңтар құрбандарын еске алу жиынына қатысқаны үшін ұсталған. 15 күн әкімшілік қамауға алынған Мамай ізінше тергеу изоляторына ауыстырылды. Оған «жалған ақпарат тарату» және «билік өкілін қорлау» баптары бойынша айыптар тағылды.
Маусымда Иманбай күйеуіне Қаңтар кезінде «жаппай наразылық ұйымдастырды» деген тағы бір айып тағылғанын да хабарлаған. Мамайдың айтуынша, билік оны 4 қаңтарда «Алматы Арена» кешені маңындағы митингіні «ұйымдастырды» деп кінәлағысы келеді. Мыңнан астам адам жиналған митингіні сол күні полиция күшпен таратқан еді. Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтқан. Айыптарды саяси қудалау деп атаған.
Айта кетейік, бір күн бұрын Ұлыбритания парламентінің мүшелері қамаудағы оппозиция саясаткері Жанболат Мамайдың ісі негізінде Қаңтар оқиғасында және оқиғадан кейін Қазақстанда адам құқықтары мен халықаралық құқықтардың бұзылғаны жайлы хабарларды тексеретінін де хабарлаған.