Қазақстанда жастарға арналған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының арнайы жобасы әзірленеді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Отбасы банк» АҚ қазақстандық жастар үшін тұрғын үй несиесінің қолайлы шарттарын және тұрғын үй жағдайларын жақсарту қажеттігін айқындау бойынша бірлесіп зерттеу жүргізеді.
Зерттеу негізінде жастарға арналған бірыңғай тұрғын үй бағдарламасының арнайы жобасы әзірленеді.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының арнайы жүргізген сауалнамасындағы «Сіздің ойыңызша, жастар өздерін сенімді сезініп, дамуға қабілетті болуы үшін не қажет?» деген сұраққа респонденттердің 40,9%-і «Өз баспанасы» деп жауап берген.
Бүгінде «Отбасы банк» АҚ өңірлік әкімдіктермен бірлесе отырып, жастарға арналған дербес бағдарламаларды іске қосып жатыр. Бұл — «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Қарағанды жастары», «Әулиеата жастары», «Қостанай жастары». Жақын арада осындай бағдарлама Атырауда да («Алатау жастары») іске қосылады,
делінген министрлік таратқан хабарламада.
Өңірлік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу үшін іріктеу критерилері әр өңірге байланысты өзгеріп отыруы мүмкін. Несие беру шарттары әдетте стандарт болады: бастапқы жарна кемінде 10% болуы керек, несие мөлшерлемесі — жылдық 5%, несие мерзімі — 19 жылға дейін.
Жастардың бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы жобасын әзірлеу «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы мен «Отбасы банк» АҚ қол қойған ынтымақтастық туралы меморандумы негізінде жүзеге асады.