Маңғыстауда облыстық жедел және шұғыл жәрдемнің фельдшерлері мен көлік жүргізушілері жұмыстарын тоқтатып тастады.
Қызметкерлер еңбек жағдайына көңілі толмайтындарын жеткізді. Ал басшылық наразы топты адамгершілікке үндеп, 40 мың теңге үшін халықты көмексіз қалдырған әділетсіз дейді.
Бастапқыда қызметкерлерге 40 мың теңге қосымша төлем тағайындалған. Кейін басшылық төлемейтінін айтса керек. Ауыз жарымайтын ақыны өсіруді сұраған қызметкерлер басшыларына бірнеше рет өтініш жасап, дегендерін жасата білдік деп ойлаған болар. Бірақ, өткен жұмада, яғни 9 қыркүйек күні жалақысын алған фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне уәде етілген қосымша ақша төленбепті. Сол себептен олар ереуілге шыққан.
Жұмысшылар қазіргі қымбатшылық кезеңде 120 мың теңге ешнәрсеге жетпейтініне ғана емес, еңбек жағдайы да мәз емес екендігін айтып шағымдануда. Қызметкерлер тапшы. Бір аусымда жалғыз фельдшер жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл ретте қосымша ақының төленуі орынды. Ауыр әрі қауіпті еңбек бағалануы қажет. Сондай-ақ, аймақта бригадалардың санын арттырып, жүктемені азайту мәселесін де шешу керек сияқты.
Енді Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы ауданының қызметкерлері жалақыны өсірмейінше жұмысқа шықпайтындарын жеткізді.