Елімізде 300-ге жуық жетім бала тиісті жәрдемақыларын алмаған. Олар жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден аса жәрдемақы алмаған. Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің тексерісінен кейін кәмелетке толмағандарға төленбеген жәрдемақы қайтарылды.
2022 жылдың 1 сәуірінен бастап жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін АЕК 3 063 теңгеден 3 180 теңгеге дейін өскенімен, жәрдемақы ескі АЕК бойынша төленіп келген. Жәрдемақы мөлшерінің айырмашылығы қамқоршылардың шоттарына жіберілді. Осылайша жетім балалардың құқығы қорғалды.
Бұл туралы балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 2023 жылдан бастап асыраушысынан айырылғандарға қанша көлемде жәрдемақы төленетіні белгілі болды.
Асыраушысынан айырылғандарға берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерінің санына қарай төленеді. 2023 жылы 1 қаңтардан бастап беріледі:
- бір адам болса 0,86 ЕТК немесе 34 888 теңге;
- екі адам болса 1,49 ЕТК немесе 60 445 теңге;
- үш адам болса 1,85 ЕТК немесе 75 049 теңге;
- төрт адам болса 1,96 ЕТК немесе 79 511 теңге;
- бес адам болса 2,03 ЕТК немесе 82 352 теңге;
- алты және одан көп адам болса 2,11 ЕТК немесе 85 597 теңге
Ата-анасынан айырылған жетім балаларға ай сайын әр бала үшін 1,18 ЕТК немесе 47 870 теңге жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ еңбекке жарамсыз басқа да отбасы мүшелеріне 0,54 ЕТК немесе 21 907 теңге беріледі.