Белгілі заңгер Айгүл Орынбек тағы да дабыл қақты. Бұл жолы ол Жоғарғы сотқа қатысты мәселе көтерді. Заңгердің жазуынша, Жоғары Сот өздеріне пайдалы заң шығарып, сол арқылы халықтың «аузына құм құймақшы».
Осылай деп желі қолданушыларының назарын өзіне аударған ол көпшілікті үнсіз қалмауға шақырды.
«Жоғарғы Сот халықтың аузын өздеріне пайдалы заң шығарып жаппақшы! Әлеуметтік желіде және БАҚ беттерінде соттардың шешімдерін талқылауға болмайды. Ол үшін енді қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз әбден мүмкін. Қылмыстық кодекстің 407 бабы арқылы… Жоғарғы Сот «Соттың қызметіне араласуға болмайды» деген сылтаумен халықтың үнін өшіргісі келеді!
«Жаңа Қазақстан» – Әділетсіз заңдар шығару арқылы құрылмайды! Бұл заң қабылданатын болса, Соттардың әділетсіз шешім шығарғаны шығарған!
Қазір үнсіз қалсаңыз, ертең балаң, туысың, жақының әділетсіз қамалып кетіп жатса, алдыма жылап келме! Елдің болашағы үшін қазір үніңді қос! Үнсіз қалмаңыздар, бұл заңның шығарылуына жол бермеу керек! Бұл заңды халық талқысына тастасын! Қазақ тілінде бұл заң жобасы неге жоқ?
деп жазды Айгүл Орынбек.
Заңгердің бұл жазбасы аз уақытта көпшілікті елең еткізді. Пост астында оған қолдау білдіріп, пікір қалдырғандар көп.
«Халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға мәжбүр етiп тұр. Адамдардың Конституциялық құқығы бұзылып тұр», «Қабылданатын заңына, қарсымын. Соттың заңсыз шешімі, БАҚ бетінде, талқылануы тиіс», «Сот шешімі талқылануы керек», «Масқара, қандай мемлекет болдық… Мұндай заң қабылдауға ҚАРСЫМЫН!» — десті көпшілік.