Ресейлік «Новая газета» журналисі Елена Костюченконы улап, өлтірмек болыпты.
Meduza-да Костюченконың «Я хочу жить. Поэтому я пишу этот текст» деген материалы шықты. Өте әсерлі, қорқынышты және аянышты текст.
Елена Костюченко 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасын жазған, сол кездегі ақпараттық блокаданы бұзған ең бірінші шетелдік журналист. Ол Жаңаөзенде ресми деректегідей 14 емес, 64 адам қайтыс болғанын айтып, сол адамдардың жерленген жеріне дейін тауып, барған.
Мен көшеде кетіп бара жатқан әйелге барып: «Не болып жатыр?» деп сұрадым. Ол: «Сен кімсің. Қайдан келдің?» деп сұрады. Мен: «Мәскеуден келген журналиспін!» дедім. Ол мені үйіне ертіп апарып, өзінің киімдерін берді. Сосын, қаза тапқандардың, жаралылардың үйлеріне алып барды. Сол уақытта ол әйелдің аяғы ауыр болды. Ол мені балаларымен бірге алып жүрді. Менің сөмкемді оның кішкентай қызы алып жүрді. Себебі кішкентай қызы ешкім тексермейді. Мен одан: «Сен неге маған көмектесіп жүрсің?» деп сұрағанымда, ол маған: «Мен саған көмектесіп жүрген жоқпын!» деді. Мен олардың үміті болдым. Сол кезде менімен сөйлескен, маған көмектескен жаңаөзендіктердің қайсарлығы болмағанда бұның ешқайсысы болмас еді. Барлығы белгісіз болып қалатын еді. Маған осындай құрмет бұйырды,
деген еді Костюченко 2021 жылы Гордееваға берген сұхбатында.
Сол сұхбатта Елена Жаңаөзен оқиғасынан кейін қалай посттравматический синдромға шалдыққанын айтқан болатын.
Елена Костюченко тезірек жазылып, қатарға қосылып, жақсы-жақсы тексттарымен бөліседі деп үміттенемін,
деп тілегін білдірді Есдәулет Қызырбекұлы.
Соғыс басталғалы бері шетелге кетуге мәжбүр болған ресейлік журналистер мен саяси белсенділерге қастандық жасау операциясы жүріп жатыр. Елена Костюченкодан бөлек, «Эхо Москвы» журналисі Ирина Баблоян, «Свободная Россия» қорының жетекшісі Наталья Арно уланған.
The Insider және Billngcat басылымдары журналистерді улау, қастандық жасау жөнінде зерттеу жүргізіп жатыр.