Елімізде журналистердің мәртебесін белгілейтін заң жобасы дайындалып жатыр.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістан облысындағы БАҚ басшыларымен кездесуінде айтты.
Мәжіліске ұсынылуы жоспарланып отырған масс-медиа туралы заңның басым бағыты журналистердің статусын көтеруге бағытталған. Біріншіден, журналистерге әлеуметтік жағдай жасау көзделіп отыр. Бірақ, бұл журналистің сөз бостандығын шектемейді. Жеңілдетілген несие алуына, баспанамен қамтылуына мүмкіндік бермек.
Сондай-ақ, министр заң жобасына сәйкес БАҚ өкілдерінің ақпаратқа қолжетімділігі артатындығын жеткізді.
Журналиске берілетін жауаптың мерзімін қысқартуды ұсынып жатырмыз. Журналист журналистік зерттеуге қатысты кез келген ақпаратты оңай алу керек,
деді министр.
Сондай-ақ кездесу барысында Дархан Қуандықұлы бас редакторлардың ұсыныстарын тыңдап, аудандық, қалалық басылымдардың жай-күйіне қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.