Әзірбайжандық әйелдер мен жасөспірімдер Бакудегі Франция елшілігі алдына наразылыққа шықты. Белсенділердің протеске шығуына Франция парламентінде Әзірбайжанға қарсы санкциялар талқылануы мүмкін екені себеп болған. Бұл туралы Эхо Кавказа хабарлады.
Кейбір француз депутаты мен саясаткері Әзірбайжан армиясы 2020 жылғы қарулы қақтығыс кезінде өзін-өзі «Таулы Қарабақ» деп жариялаған армян халқына қарсы әскери қылмыс жасады деп мәлімдейді.
Сонымен бірге олар Бакуге қарсы халықаралық қылмыстық сотта «жаппай қылмыстар мен әскери қылмыстар жасады» деген айыппен тергеуді бастағысы келеді. Оған қоса Еуроодақты Әзірбайжаннан газ және мұнай импортына тыйым салуға, Әзірбайжан әскерінің Қарабақ аумағынан шығарылуын талап етуге, Армения әскерін қару-жарақпен қамтамасыз етуге шақырған. Тиісті қаулы Сенаттың сайтында жарияланды.
Наразылық акциясы кезінде әйелдер 2020 жылы Қарабақ конфликтінде Гянджа қаласын атқылау кезінде қаза тапқан балалардың суреттерін ұстап шыққан. Жиналғандар айтуынша, олардың мақсаты — өткен аптаның ортасында Франция Сенатына үндеумен жарияланған петицияны қолдау. Петиция авторы Гянджа қаласының тумасы Кубра Алекперова Сенат пен Франция халқын қақтығыс аймағынан алыс тұратын бейбіт әзірбайжан тұрғындарының арасында құрбан болғандарға назар аударуға шақырды.
Белсенділер мен петиция авторларының пікірінше, Франция армян-әзірбайжан қақтығысына қатысты біржақты көзқарастан арылуы, салмақты позиция ұстануы керек.