Заңгер Айгүл Орынбектің айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері көбіне істі ашпай, жауып тастайды. Әділдікке жету қиын. Тіпті, істің ақиқатына жетуге тырысқан заңгермен күресіп кетеді. Құқығы тапталған әйелдердің проблемасын көтеремін деп талай қысым мен қудалауға да ұшырапты.
Оның себебі, қоғамда зорлық-зомбылық әлі де ашық айтылмайды. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарымен айналысып жүрген заңгерлер саусақпен санарлық. Сол заңгерлердің өзі құзырлы орган тарапынан қысым мен қудалауға ұшырайды. Құқық қорғау органдары қылмысты ашудың орнына, оны көтеріп жүрген заңгерлермен күресіп кетеді. Заң саласында қаншама жылдық тәжірибем бар заңгер, қоғам алдында ашық пікір айтып жүрген қоғам белсенді болсам да маған қысым жасайтындар аз емес. Маған солай жасағанда, басқаларға не істемейді?! Сондықтан да көп заңгер бәрін ашық айтқысы келмейді,
дейді Айгүл Орынбек El.kz берген сұхбатында.
Заңгердің сөзінше, зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мәселесін ең алдымен әлеуметтік желіге жариялайды. Өйткені табанынан тозып, құзырлы органға шағымданғаннан пайда жоқ екенін біледі. Жауапты мемлекеттік органдар немқұрайлы қарайды, сыбайлас жемқорлық фактілері болады. Осылайша шағымға дұрыс жауап бермейді. Берілген күннің өзінде мардымсыз. Оған қанағаттанбай, жоғары органға арыз жазсаң, істі қарауды сол шағымданған мекемеге қайта қарауға тапсырады.
Бұл деген барып тұрған басыну, адамды мазақ ету ғой. Зорлық көріп, алдына араша сұрап барған әйелдер мен балаларды көздеріне де ілмейді. Іс насырға шауып бара жатса істі жаба салады. Құзырлы органдар қылмыс жасаған педофилмен сыбайласып, жеңіл жаза тағайындайды, босатып жібереді. Осындай әділетсіздіктер болып жатқанда, кім әділдікке сеніп, шағымданады? Көп жағдайда жауапты мекемелер істі тек қоғамдық резонанс туғаннан кейін ғана қарайды,
дейді ол.