2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген шетелдік автокөліктердің қайсы заңдастырылмайтыны белгілі болды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Жандос Мұратәлиев мәлімдеді.
Қазір уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдар заңнамалық актілерге шетелден әкелінген автокөліктерді азаматтардың өзі үшін қолайлы жағдайда заңдастыруға мүмкіндік беретін түзетулер енгізіліп, жүргізу тетіктері әзірленіп жатқаны айтылды.
Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, мұндай автокөліктер туралы мәліметтерді ІІМ белгіленген мерзімнен кейін әкелінген автокөліктерді заңдастыруды болдырмау үшін жинақтайды.
2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа мынадай автомобильдер заңдастырылмайды:
- криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген;
- заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар;
- бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған;
- басқару органдары оң жақта орналасқан;
- тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген;
- көлік иесінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ.
Оған қоса, “криминалдық” автокөлікті тіркеуді болдырмау мақсатында көлік бойынша ақпарат бұрынғы тіркелген елдердің құқық қорғау және кеден органдарымен салыстырылады.
Жандос Мұратәлиев азаматтарды Қазақстанда автокөлікті тіркеу және пайдалану мүмкіндігі үшін автокөлік сатып алу кезінде заңнаманы сақтауға, олардың заңды “тазалығын” міндетті түрде тексеруге шақырды.
Айта кетейік, мемлекет басшысы жолдауында Үкіметке осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін елімізге әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырған еді.