Түркістан облысының оннан аса тұрғынын алдаған алаяқтың 4 жылға бас бостандығы шектелді. Ол тұрғындарға ірі ұтыс уәде еткен. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Мақтаарал аудандық ішкі істер бөліміне 10-нан астам жергілікті тұрғын арызданды. Олардың айтуынша, ұялы телефонына белгісіз ер адам қоңырау шалып, тұрғындар 1 миллион теңге ұтып алды деп сендірген. Үлкен ұтысқа ие болдыңыз деген желеумен алаяқ сенгіш азаматтардан 10 мың теңгеден 30 мың теңгеге дейін ақша алған. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша ҚР ҚК-не тіркелді.
Қылмысты ашу үшін полицейлер жәбірленушілермен сұхбаттасып, басқа да қажет шараларды қабылдаған. Жиналған мәліметтер негізінде тәртіп сақшылары күдіктіні анықтап, алаяқты ұстады. Ол Шымкент қаласының жұмыссыз тұрғыны болып шықты.
Күдікті адамдардың Instagram парақшасын ашып, сол жерден тұрғындардың WhatsApp нөмірін тауып алған. Сенімге ие болған алаяқ 11 жәбірленушінің 250 мың теңгеге жуық ақшасын алдап алып, өз қажетіне жұмсаған. Полицейлер істі аяғына дейін жеткізу үшін барын салды. Олар материалдар мен толық дәлелдемелерді жинады. Осылайша, жинақталған материалдар заңды шешім шығару үшін сотқа жіберілді,
делінген хабарламада.
Бүгінгі таңда Мақтаарал аудандық соты 26 жастағы жігітті ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша кінәлі деп тапты. Күдіктінің кінәсін мойындағаны, шығынды өтегені және бұрын істі болмағаны ескеріліп, оған 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы берілді.