Теңге айналымға 29 жыл бұрын енгізілді.
Еліміздің төл валютасы туралы жарлық 1993 жылы 12 қарашада шықты. Үш күннен соң, 15 қарашада айналымға енді. Таңғы 08:00-ден бастап кеңестік рубльді теңгеге айырбастау басталды.
Теңгенің ең алғашқы дизайны қалам, калька және тушь арқылы салынды, өйткені әрлеушілердің қолында бұдан басқа ешқандай құрылғы болмаған.

Алғашқы теңге Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Өйткені елімізде ақша басатын фабрика болған жоқ. Алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалды, ал 8 күннің ішінде қазақстандық банктарға бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды.

Ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды.

Теңге — жалған ақша жасаушыларға қарсы тұра алатын, әлемдегі ең қауіпсіз валюта. Себебі 17 қорғаныс дәрежесіне ие: сутаңба, қауіпсіздік жіптері, мөлдір терезе, ультрафиолет қорғанысы, сериялық нөмірлер, сәйкес кескіндер. Америкалықтар теңгенің технологиясына сүйеніп, доллар қауіпсіздігін күшейткен. Доллардың тарихы XVIII ғасырдан бастау алады.
1993-1998 жылдар аралығында шыққан теңгелер:
1 теңгеге әл-Фарабидің бейнесі, екінші бетіне әл-Фараби атамыздың геометриялық құрылымдары мен формулалары салынды.

3 теңгеге ақын Сүйінбай Аронұлының портреті, екінші бетіне Іле Алатауының бейнесі салынды.

5 теңгеге күйші Құрманғазы Сағырбайұлының, екінші бетіне мавзолей кешенінің бейнесі салынды.

10 теңгеге ғалым Шоқан Уәлиханұлының, келесі бетіне Оқжетпес тауының бейнесі салынды.

20 теңгеге Абай Құнанбайұлының портреті салынды. Екінші бетінде құсбегінің бейнесі болды.

1993 жылғы үлгідегі 100 теңгелік банкноттың бірінші бетіне Абылай ханның, екінші бетіне Қожа Ахмет Ясауи кешенінің бейнесі салынған.

Теңге дизайнын дайындау жетекші Тимур Сүлейменов және дизайнерлер Меңдібай Алин, Досбол Қасымов және Ағымсалы Дүзелханов бар авторлық ұжымға тапсырылды.
Теңге атауы қалай шықты?
Таңдау барысында дау болып, «алтын», «ақша», «таньга» («тенга») нұсқалары ұсынылған.
Қазақстан валютасын «сом» деп атау да жоспарланды.
Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін «теңге» атауы қабылданды. Ортағасырлық түркі күміс монеталардың «денге», «танга» деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін «тиын» деп атады.

Ұлттық валютаның өз символы бар (〒).
Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.
Қазір Алматыда Банкнот фабрикасы жұмыс істеп тұр.