Алаяқтар Бурабай курорты қонақүйлерінің фейк аккаунтын ашқан. Бұл туралы ҚазТАҒ хабарлады.
Полицияның мәліметінше, астаналық әйел Instagram желісі арқылы жалған парақша авторымен сөйлесіп, қонақүйге тапсырыс бермек болған. Тіпті оған ақша аударған.
15 қазанда 40 жастағы астаналық тұрғын Instagram әлеуметтік желісінде Бурабай шипажайындағы қонақүйлердің бірінің парақшасы авторының телефон нөмірін алғанын хабарлады. Хат алмасу кезінде оған демалыс орталықтарының бірінен бос үй ұсынған. Брондау үшін ол «Еуразиялық банк» АҚ банк картасына 190 мың теңге алдын ала төлем жасаған. Ақшаны алғаннан кейін парақшаның иесі байланысқа шықпаған.
— делінген Ақмола полиция департаментінің хабарламасында.
14 қазанда курортқа келген астаналық аталған мекенжайда қонақүйдің жоқ екенін білген. Ал фейк парақшадағы Бурабай шипажайының емес, Швейцария пейзажының суреттері болып шыққан.
Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігінің 4-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.