Өңірлік кәсіпкерлік палатасы қазіргі есеп бойынша Қостанай облысындағы бизнеске келген шығын 200 млн теңгеден асқанын хабарлады. Әлі 6 нысан залал сомасын анықтап жатыр.
Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы өрт аймағында зардап шеккен кәсіпкерлерге консультация беріп, зардап шеккен кәсіпорындардың шығынын бағалап, паспорт дайындайды. Бизнестен түскен көмекті жинауға, алуға және одан әрі халыққа жеткізуге қатысады.
Бұл туралы Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасында өткен брифингіде ӨКП директоры Данияр Күзенбаев хабарлады.
Қазіргі уақытта зардап шеккен бизнес нысандарының саны – 18, оның ішінде Әулиекөл ауданында — 17, Қарасу ауданында – 1. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жабдықтарынан 1 комбайн, 1 трактор жанып кеткен,
делінген ӨКП таратқан хабарламада.
12 кәсіпкердің айтуынша, олардың мүліктік залал сомасы 200 млн теңгеден асады, ал 6 нысан залал сомасын анықтап жатыр. Зардап шеккендер — кафе, ТЖО, сауда және ауылшаруашылық тауар өндірушілері сияқты шағын бизнес өкілдері.
Данияр Күзенбаев өрттен зардап шеккендердің толық тізімін, соның ішінде залал сомасы мен несиелік берешегі барларды анықтау үшін кәсіпкерлерге қоңырау шалынып жатқанын айтты.
Мен жеке өзім Өңірлік кеңес мүшелерімен бірге Әулиекөл ауданына зардап шеккендерге азық-түлік, киім және басқа да гуманитарлық көмекпен екі рет бардым. Сондай-ақ, біз қаржы мекемелерінің басшыларымен қарыздарды есептен шығару мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, банктердің қарауында қаржы мекемелерінің атына тиісті хаттар бар. Мүлігіне залал келген бизнес субъектілері анықталды, кері байланыс орнатылды, мүлікті тексеру актісі әзірленді, нысандарды фото және видеотіркеумен қарап жатырмыз. Өрттен зардап шеккендердің толық тізімін, соның ішінде залал сомасы мен несиелік берешекті анықтау үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қоңырау шалып жатырмыз,
деді ӨКП директоры.
Қазақстандық кәсіпкерлер өрттен зардап шеккен тұрғындар үшін шамамен 200 млн теңге және 56 млн теңгеге гуманитарлық көмек жинады.
Қостанай халқын Қазақстанның әр түкпіріндегі өңірлік кәсіпкерлер палаталары белсенді қолдап жатыр. 6 қыркүйекте Шығыс Қазақстан ӨКП-нан көмек жолданды. Сондай-ақ, Түркістан облысынан 3 жүк көлігі, мектеп формасының жаңа жиынтықтары бар 2 жүк көлігі, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасынан азық-түлік барды.
Бүгін, 7 қыркүйек күні, гуманитарлық көмек тиелген фуралар Түркістан ӨКП, Шымкент, Нұр-Сұлтан палаталарынан, Солтүстік Қазақстан облысының ӨКП-сынан жолға шықты.
Айта кетейік, «Атамекен» ҰКП төралқасы төрағасы Райымбек Баталовтың тапсырмасы бойынша жедел штаб құрылған еді. Штабта зардап шеккен бизнес туралы және бүкіл елдің кәсіпкерлері аймаққа жіберетін көмек туралы барлық ақпарат жиналады.