Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов 1 қыркүйек — Білім күнімен құттықтады. Министр биылғы оқу жылындағы өзгерістерге тоқталды.
Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылының басталуына құтты болсын айтты.
1 қыркүйек – жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Бұл — ерекше эмоцияларды тудыратын мереке, өйткені бәріміз де оқушы болдық және осы күні ұмытылмас мектеп жылдарын еске аламыз. Бұл — бүкіл ұрпақты біріктіретін мереке,
деп жазды министр Telegram-парақшасына.
Биыл 400 мыңға жуық бала 1-класқа барады. Ал мектепті 170 мыңға жуық оқушы бітіреді. Министр былтырдан бері түлектерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ тапсыру рәсіміне бірнеше артықшылық енгізілгенін айтып өтті. Түлектер ҰБТ-ны 4 рет тапсыра алады, ал грантқа түсуге 2 мүмкіндік берілді.
2023 жылы 7,6 мың мектепте 3,7 млн бала оқиды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтар мен оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2023 жылғы қаңтардан бастап педагогтардың, балабақша тәрбиешілерінің және басқа да білім саласы қызметкерлерінің жалақысы тағы 25%-ке өседі,
деді бас мұғалім.
Халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған дарынды балаларға 4,7 млн теңгеге дейін сыйақы төленеді. Мұндай олимпиадалар тізімі тағы 7 зияткерлік сайыспен толығады. Оларға ЖОО-да оқуға гранттар да беріледі. Оқушыны дайындаған мұғалімдер де біржолғы төлем алады.
Үлгерімі төмен балаларға ерекше қолдау, жылы сөздер және олардың жетістікке жететініне сенім қажет екенін түсіну маңызды. Сол себепті биыл президенттің қолдауымен оқушылардың «БИЛ», «Дарын» сияқты мектептерде білім алуы үшін 15% квота енгіздік. Онымен қоса бірқатар арнайы бағдарламаны қолға алдық,
деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Министр ерекше қажеттігі бар балалар өзін барынша жайлы сезініп, мектепте оқи алуы үшін педагог-ассистенттер санын көбейтіп жатқанын айтты. Бұл осы бағыттағы кешенді жұмыстардың бір бөлігі ғана екенін атап өтті.
Әріптестерім осы мәселеде мені қолдап, мейірімділікке, жылулыққа, қолдауға және өзіне деген сенімге мұқтаж жандарға түсіністікпен қарайтынына сенемін,
деді министр.
Асхат Аймағамбетов балалар үшін оқу жылы табысты болатынанна сенім білдірді, әріптесеріне шығармашылық табыс тіледі.