21 қыркүйектен бері 98 мыңға жуық Ресей азаматы Қазақстанға келді, осы уақыт ішінде 64 мыңнан астам ресейлік елден кетті, деп хабарлады ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
Бүгінгі таңда бізге ақпарат келіп түсті, біз оны Шекара қызметінің деректерімен салыстырдық – 21 қыркүйектен бері 98 мыңға жуық ресейлік Қазақстанға келді, 64 234 ресейлік кетті,
деді ол сейсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы жұртшылықпен кездесуде «Соңғы күндері көрші елден, яғни Ресейден көптеген адам келе бастады. Көпшілігі қазіргі ахуалға байланысты амалдың жоқтығынан келіп жатыр. Оларға қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігіне мән беруіміз қажет. Бұл – саяси және гуманитарлық мәселе. Осы мәселені мен Үкіметке тапсырдым» деп мәлімдеді.
Республиканың Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сейсенбі күні Үкімет кулуарында журналистермен әңгіме барысында келіп жатқан ресейліктер ағынының ұлғаюы уақытша құбылыс екенін, олардың көпшілігі Қазақстаннан үшінші елдерге кетеді деген пікір айтты.