Театр және кинорежиссері, кинодраматург, Өнертану профессоры Талғат Теменов «Алматы ақшамы» газетіне сұхбат беріп, қазіргі шұбар тілді, сапасыз, іліп аларлығы жоқ «арзанқол» қазақ киносын сынға алды.
Талғат Теменовтың айтуынша, қазақ киносы талай қиын кезеңдерді бастан кешіргенімен, тым азапты, тым ауыр шақ дәл осы кезең… Себебі, экранды жаулап алған арзанқол комедия ұлтты бұзып жатыр.
Ыржаң-тыржаң актерлар. Таяз көрініс, тақыр сюжет, қытықтап күлдіру. Қазақ киносының атын жамылған пысықай шоумендер енді ақша табуды осылай қолға алған. Абайды жақсы оқыған, тоқыған, үйренген. «Есек к… тін жусаң да, мал табуды» меңгерген мамандар… Өздері дән риза… Көрермен де мәз-мейрам. Тек біздер ғана жабырқаулы күйдеміз. Ұрпағымыздың осындай » рухани » дүниені азық еткеніне кабырғам қайысады… Бірақ оны кімге айтарсың…
дейді режиссер.
Айтуынша, Мәдениет министрлігі мен «Қазақфильмдегі» мамандар бірігіп өткен кеткен заңдағы қателіктерді жөндеуі тиіс. Егер де біз ертеңгі ұрпағымыз — болашақ қазақстандық жастарымызды, отансүйгіш патриот, ақылды, сезімтал, білімді етіп тәрбиелейміз десек, ең алдымен руханиятқа көңіл бөліну керек. Бұл дегеніміз — ең алдымен Әдебиет, Мәдениет және Ғылым… — деп жазды тума талант.
Автор өз сұхбатында киноның қоғамды тәрбиелеудегі рөлін сипаттады. Арзан, жылтырақ, жел сөз, құр күлкіге толы дүниеге қызығатын емес, нақты елге, ұлтқа қызмет етудің қамын жасайтын кез жеткенін хабарлады.
— Өткен 30 жылда «алдымен — экономика, сосын — саясат» деп былжырағандардың қасында болдық. Оларға руханият керек емес еді. Мәдениеттен, өнерден, әдебиеттен жұрдай тобырдың ойында тек баю болды. Коррупция дегеніңіздің өзі — арсыздық, ашкөздік, ұятсыздық, тойымсыздық. Біз 30 жылда осыған куә болдық. Ал, баланы жастан баулу керек десеңіз, ол тікелей киноға, яғни анимация мен балаларға арналған фильмдерге байланысты… Өткен ғасырдың 30-шы жылдары әлемде үлкен экономикалық күйзеліс, дағдарыс болды. Әсіресе, Америкада. Дәл осындай қиын кезде Американың еңсесін көтеруге кино келді. Иә, кино қолын созды. Қадірлі идеологтар! Қазақ елінің ертеңін ойлайтын орда бұзар бауырлар. Бір сәтке тоқтап, ойланып көріңіздерші. Бізге ең алдымен Отанымыздың тәуелсіздігі, халқымыздың ауызбіршілігі, экономикамыздың өрлеуі, жастарымыздың білімді, мәдениетті, тәрбиелі болғаны керек десеңіз, осыған назар аударыңыздар!..» Кешегі Мәдениет министрлігінде өткен отырысқа Одақтың төрағасы болмаса киноның ішкі проблемаларын білетін адамның қатыспауы да көңілге күдік қалдырғаны бар. Бұны жанайқай деп ұқсаңыз да болады. Қазақ киносы — халықтың мұрасы. Ал, мұраға мұқият болар кез туды деп ойлаймын. Егер мемлекет қазір ұлттық киноға қолын созса, кино да елге, мемлекетке, ұлтқа қызмет етеді деп ойлаймын. Бұл хақ…
деді Талғат Теменов.