Categories: Спорт

27 жастағы Дмитрий Баландин карьерасын не себепті аяқтады?

Жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин 27 жасында карьерасын аяқтады. Спортшының балалық шағын, спорттағы жетістіктерін және карьерасын не себепті аяқтағанын айтып берейік.

Ол — Олимпидада жүзуден медаль алған алғашқы Қазақстан спортшысы

2016 жылы өткен Рио Олмипиадасында Қазақстан үшін сенсациялық жағдай болды. 200 метрлік брасс әдісімен жүзуден Дмитрий Баландин алтын алып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұған дейін біздің елден бір де бір Қазақстан спортшысы жүзуден олимпиада жүлдесін қанжығасына байламап еді.

Спортшы чемпион болғанда 21 жаста еді. Бұл жеңісіне халық тұрмақ, әуелде өзі де сенер-сенбесін білмеді. Чемпион болған сәттегі күйін спортшы былай еске алады:

Бұл медаль Қазақстанның жүзу тарихындағы алғашқы Олимпиада медалі екенін біле қойған жоқпын. Бірнеше минут өткен соң барып Қазақстанға жүзуден алғашқы медаль алып келгенімді түсіндім. Сол күні түнұзақ ұйықтай алмағаным рас. Ештеңеге көңілім соқпады. Автобуста да ешкіммен сөйлескім келмеді, өйткені түнгі сағат 2 еді. Құттықтаған хаттар толастамады, тек ең жақындарыма жауап жаздым да: «Жігіттер, айып етпеңдер, мен жаттым», — дедім. Эмоциям жоқ боп кеткендей. Жатуын жатқаныммен таңғы 5-ке дейін ұйықтай алмадым. Дегенмен жаңа не болғанын түсінген сәтте қуандым. Әсересе, үйге қайтып, мені аэропорттан күтіп алғанда барып не болғанын түсіне бастадым. Керемет бірнәрсе істедім деп ойладым.

Дмитрий Баландиннің жүзуден бірінші келген сәті

Қазақстан спортшысының жүзуден бірінші келгені бүкіл әлемді таңғалдырды. Біздің спортшыға ешкім бәс те тікпеген шығар. Өйткені Дмитрий Баландиннің қарсыластары әйгілі америкалық Джош Прено, ресейлік Антон Чупков, британдық Эндрю Уиллис, жапониялық Ясухиро Косэки мен Ипэй Ватанабэ, неміс Марко Кох және америкалық Кевин Кордес еді. Эксперттер алтын медальды осылардың бірі алатынына сенімді болды.

Дегенмен біздің спортшыға бұл жеңіс аспаннан түсе қалған жоқ. Жолы болды дейтіндей де емес. Дмитрий Баландин бұған дейін 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарында үш алтын медаль, Универсиада-2015 ойынында бір алтын, бір қола алды. Оған дейін халықаралық және жергілікті ірілі-ұсақты турнирлерді жеңді.

Спортшы дәрігер болуды армандаған

Спортшы 1995 жылғы 4 сәуірде Алматыда дүниеге келген. Ата-анасы спортшыны 5 жасында ағасымен бірге жүзуге береді. Жүзуге ептілігін байқаған жаттықтырушы оны чемпион болады деп жеке жаттықтыра бастайды.

Ал спортшының өзі дәрігер болуды армандаған екен. Тіпті 8-класқа дейін медуниверситетке түсем деген мақсатпен жүріпті.

Жүзуден жақсы көрсеткіш көрсете бастадым. Оның үстіне, медуниверде қанша жыл оқу керек екенін біліп қалдым,

деп күледі спортшы.

Сөйтіп 7-8-кластан бастап спортта қалып, болашағын жүзумен байланыстыруға бекінген.

Дмитрий Баландин биыл үйленді

Спортшы биыл қыркүйекте отбасын құрды. Келіншегі де өзі сияқты спортшы. 26 жастағы Кристина Тыныбаева. Ол — мәнерлеп жүзу бойынша Қазақстанның спорт шебері. 2014 жылғы Азия ойындарында қола медаль алған.

Жұп үйленгенге дейін қыз-жігіт болып бірнеше жыл кездесіп жүрген.

Фото: Инстаграм — @dmitriy_balandin_

«Олимпиададан кейін Дмитрий я тоқырап қалды, я кері кетті»

Қарапайым жанкүйер үшін 27 жас тым жас боп көрінуі мүмкін. Бұл шағында қай спортшы карьерасын аяқтайды деп таңғалатындар бар. «Спортшы не себепті карьерасын аяқтады?» деген сауалға спорт шолушысы Есей Жеңісұлы жауап берді.

Шынымды айтсам, Дмитрий Баландиннің спорттағы ғұмырына нүкте қойғаны мені де таңғалдырды. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, оның жұлдызды шағы Рио Олимпиадасына сай келді және Дмитрий оны сәтті пайдаланды. Ал бұдан кейін оның негізгі қарсыластарының бәрінде өсу байқалды да, біздің спортшымыз я тоқырап қалды, я кері кетті. 2020 жылғы Токио Олимпидасындағы нәтижесін оның алдындағы Азия ойындары нәтижесімен салыстырсақ, кемі 0,04 секундтай нашарлады. Сондықтан қазір Дмитрий өз мүмкіндігін өте жақсы бағалап тұр деп ойлаймын,

дейді Есей Жеңісұлы.

Оның айтуынша, спортшы қазақ спорты тарихында қалды. Ендігі сәтте басқа бәсекелестерінің алдында мүмкіндігі жоқ екенін сезді, сондықтан қара көбейтіп жүруден бас тартқан сияқты.

Рио олимпиадасында алтын алған сәті. Фото: Vesti.kz

Есей Жеңісұлы Дмитрий Баландиннің бұл шешімін жанкүйер ретінде, журналист ретінде құрметтеуге тиіс екенімізді айтады. Ең бастысы, ол әлем спорты тарихында қалды.

Мынаны ескеру керек, ол Рио олимпидасында 200 метрге, финалға соңғы нәтижемен — сегізінші болып шықты. Ал сегізінші жолаққа шыққандар қашан да аутсайдер (соңынан келетіндер — ред.) болып бағаланады. Бұл тұрғыдан алғанда, сегізінші жолақта жүзіп мәреге бірінші жету — Баландиннің өте зор ерлігі. Біз, әдетте «Олимпиада чемпионы», «Азияның үш дүркін чемпионы» деген сияқты атақтарын айтамыз, ал соның ар жағында қандай еңбек жатқанын қарапайым жанкүйер ескере бермейді,

деді Есей Жеңісұлы.

Есей Жеңісұлы Қазақстан Олимпиадаларда бұған дейін тіпті финалға жетпегенін еске салды.

Ол — Қазақстан спорт тарихында жүзуден Олимпиада чемпионы болған тұңғыш спортшы. Бұл — ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын жетістік. Сондықтан Дмитрий Баландинді спорттың үлкен қаһарманы ретінде бағалау керек. Алдағы уақытта бапкер ретінде өз білігін, жақсы жолын шәкірттеріне дарыта білетініне күмән жоқ,

деді спорт шолушысы.

Дмитрий Баландин — 50, 100 және 200 метр брасс әдісімен жүзу бойынша Қазақстанда рекордсмен. ҚР еңбегі сіңген спорт шебері (2016 жыл). Қазақстанның спорт тарихында Олимпиадада жүзуден алтын алған бірінші адам. Спортшы енді өзі сияқты чемпиондар дайындайды деп сенеміз.

Еске салайық, Дмитрий Баландин карьерасын аяқтады.

Таңшолпан Төлеген

Recent Posts

Жалған техникалық тексеру 100 АЕК айыппұл салынбақ

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30…

1 день ago

Кредиті айлығының жартысына жеткендерге жаңа несие бермейді

Қазақстанда енді несие беру кезінде қарыздық коэффициентті есептеу жүйесі қолданылады. Егер адамның ай сайын төлейтін…

2 дня ago

Қазақстан бірегей көне қыпшақ кітаптарының цифрлық көшірмесіне қол жеткізді

Қазақстанның дәл бүгінгі қоғамдық өмірінде тарих қойнауында жинақталған бағалы деректерге баса назар аударудың маңызы зор.…

3 дня ago

Экс-министр Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамалды

Қазақстанның бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды дереккөз. 30…

3 дня ago

Қазақстан әуежайларында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

2024 жылғы 1 мамырдан бастап еліміздің барлық әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда,…

3 дня ago

Мектепте соңғы қоңырау өтетін болды — министр үндеуі

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп түлектеріне үндеу жасады. Министрдің айтуынша, оқу жылы маусым айына…

5 дней ago