Екі ай бұрын шаңырағына жаңа түскен қалыңдығын бірінші неке түнінде ұрып өлтірген шымкенттіктің енді ғана ұсталғаны туралы оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Қыздың анасының бейнеүндеуінен мәлім болғандай, Шымкентте Назарбаев мектебінде ұстаз болып еңбек етіп жүрген 32 жастағы қыз неке түні күйеуінің қолынан қаза тапқан. Марқұмның анасы күдікті жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Полицейлерге сенімін жоғалтқан тұрғын ел президентінен көмек сұрады.
Айдың-күннің аманында қызынан айырылған ананың жанайқайын жеткізген видеоны заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жариялады.
Кешіріммен құтылғысы келген
Оқиға 26 маусым күні болған. Жалғызбасты ананың айтуынша, қызы өз қалауымен тұрмысқа шыққан. Мұсылманша некесі қиылған түні күйеуі ұрып-соғып, ауруханаға түскен. Ал қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды ертеңіне таңғы уақытта полицейлерден естіген.
Мәйітханаға барғанда ондағылар марқұмның денесін ертерек алып кету керек екенін айтқан.
Қазір күн ыстық, денесі сасып кетеді. Ертерек алып кетіп, жерлеңіздер» деген соң ешкімнен ешнәрсе сұрамастан алып кеттік. Өзіміз жылап-еңіреп жүріп, не болғанын нақтылап сұрай алмадық. Олар біздің заң білмейтінімізді пайдаланыпты. Қызымның жеті күндік асын өткізген соң үйінен жеке заттарын алып кеттік. Оның өзінде тартпада тұрған заттарын алып бере салды. Киімдері, алтындары түгел емес. Оны сұрауға да шама болмады. Сол кезде тергеуші қажет кезде өзіміз шақырамыз деп айтты. Содан бері ешкімнен хабар жоқ. Ешбірі менен түсініктеме алмады, тергеудің қалай жүріп жатқанынан бейхабармын. Не үшін өлтіргенін де білмеймін,
деді етегі жасқа толған ана.
Тергеушілерден еш хабар ала алмаған соң Шымкент тұрғыны қалалық Полиция департаменті бастығының қабылдауында болған. Анасы бір емес, екі рет барып, көмек сұрадым деп отыр. Бірақ қаланың бас полицейі «Уайымдамаңыз, шешіледі» деп құрғақ уәдемен сендіріп келіпті.
Ең сорақысы, тергеушілер адам өлтірген күдіктіні ұстаудың орнына, тұрғынның үйіне күйеу баласының туыстарын жіберген екен.
Жедел-іздестіру қызметі мен тергеушілер үйге ол жігіттің әке-шешесін, ағаларын жіберіп жатыр. «Кешірім алып кел» деп отыр ма, ол жағын білмедім. Бұл (күйеу баласы: автор) 2019 жылы тура осылай бір қызды ұрып-соғып, бірақ жазадан құтылып кетіпті. «Ол кезде ұстағанбыз оны, кейін өздері келісті ме, кешіріммен қап кетті» деп полицейлердің өзі айтты. Сол сияқты мені де кешіреді деп отырған шығар. Мен ешкімге кешірім бермеймін,
дейді марқұмның анасы.
Шу шыққан соң ұсталды
Полицейлер мұғалімнің өлімі бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу)» бабымен қылмыстық іс тіркеген.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті ретінде 1984 жылы туған азамат танылды. Оған қатысты сырттай «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалып, іздеу жарияланған. 11.08.2022 жылы күдіктіге қатысты Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде,
деп атап өтті Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.
Қоғам назарына түсіп, белсенділер мәселені көтергеннен кейін бірнеше күн өткен соң полиция қызметкерлері күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қыздарға қысым жасауды қою керек
Қоғам белсендісі, әнші Ақмаржан Көшербаева марқұм жасы 32-де болған соң, яғни тұрмыс құратын жастан өтіп бара жатқандықтан, қоғамның қысымына шыдамай тұрмысқа шыққан деп болжайды. Әйтпесе НЗМ оқытушысы, білімді, аяққа тұрған қыздың мұндай есерсоқ адамды таңдауы мүмкін емес деген сенімде.
Қазақстанға ұшып келгелі маған жолда екі рет ер адам айқайлап ұрсып берді. Қарапайым жағдай үшін, яғни сонша агрессия танытатындай себеп болған жоқ. Біз өте долымыз! Мен мұны нақты айта аламын. Өзіміздің қонақжайлығымызды айтып, сыртқа күліп тұрғанымызбен біз бір-бірімізге, балаларымызға, әйелдерімізге, күйеулерімізге, көршілерімізге, өткен-кеткен адамға және т.б. ашулымыз,
дейді Көшербаева.
Сондай-ақ, қоғам белсендісінің пікірінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазалау шараларының қатарынан айыппұл салуды алып тастау керек. Оның орнына іс-әрекеттердің ауырлығына байланысты отыз тәулікке дейін әкімшілік қамауға алған жөн. Осы аралықта ер адамдар түзету бағдарламаларынан өтуі тиіс. Оған зорлық-зомбылықтың алдын-алу терапиясы, агрессорларды сыйластықта өмір сүруге үйрету, сындарлы мінез-құлық дағдыларын дамыту, әлеуметтік қатынас құру, өзін-өзі бағалауды қалыптастыру, ашуды басқару және шамадан тыс стрессті және алаңдаушылықты жеңілдету сияқты тренингтер кіруі тиіс.
Адам қаза болған соң немесе ауыр физикалық соққы алғаннан кейін бұл туралы қоғамға белгілі болып жатады. «Проблемаңды ешкімге айтпа», «Шыда» — бұл біздің әйелдер ең жиі еститін сөздер! Отбасы қауіп көзіне айналса проблема барын айту — парыз.
дейді қоғам белсендісі