Ақтөбеде мектеп медбикесі бірінші сыныпта оқитын 42 балаға манту сынамасының орнына туберкулезге қарсы БЦЖ екпесін салған. Осыдан кейін балалардың білегі іріңдеп, жара шыққан. Дәрігерлердің қызметтен кеткені белгілі болды. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Оқиға осы жылдың қыркүйегінде болды. Вакцинаны шатастырып алған медицина қызметкерлері жұмыстан уақытша шектетілген еді. Кейін олар өз еркімен жұмыстан кеткені хабарланды. Десе де іске қатысты тергеу жұмысы жалғасып жатыр.
Бұл мектепке мемлекеттік тапсырысты жеңіп алған жеке клиника қызмет көрсеткен. Оқиғадан соң қазір онда мемлекеттік емхана қызмет көрсетеді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы жеке орталықпен келісімшартты бұзған.
Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен «Медикус-орталығының» бас дәрігеріне қатаң сөгіс жарияланды. Балалар бақылауда. «Медикус-орталығына» бекітілген барлық мектеп облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұйрығымен Қарғалы ауруханасына берілді,
деді Ақтөбе облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Түлкібаева.