Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева 70 млн теңгеге алаяққа алданды. Алаяқтыққа қатысты істі Алматы қаласының Аламалы ауданының соты қарап жатыр.
Алдын ала мәліметтерге сенсек, Беккайров С. есімді азамат әншімен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату мәмілелерін жасаған. Ер адам алаяқтық жолмен әншіні пәтерін сатуға үгіттеп, көндірген. Пәтер сатылған соң, ақшасын кейін беретінін айтып, сол күйі төлемей қойған, деп түсіндіреді kursiv.media.
Іс материалдарында бұл азаматтың 2013 жылы Тұрлыхановтың танысынан инвестиция үшін 1,2 миллион доллар қарыз алып қайтармағаны туралы айтылған. Ал екінші эпизод әншімен байланысты. Ол 4 жылдан кейін болған. 2017 жылы Беккайров С. Роза Рымбаеваның пәтерін сатып жатқанын біліп, ол пәтерді өзіне сатуға көндіреді.
Нотариуспен сатып алу-сату шартын жасасқан Беккайров Рымбаеваға 195 мың доллар беріп, қалған қаражатты сол күйі қайтармай қояды. Солайша ол Рымбаеваға 69 427 350 теңге материалдық шығын келтірген,
делінген сот материалдарында.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
«Алаяқтық» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда тіркелген. Бұл қалада алаяқтыққа қатысты 8,5 мың жағдай тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 9,4%–ға аз. Екінші орында Астана қаласы тұр. Онда 6,5 мың жағдай тіркелген. Бұл өткен жылғыдан 8,9%-ға көп. Содан кейінг орында Қарағанды облысы тұр. Онда 3,3 мың жағдай тіркеліп, бұл санаттағы қылмыс 24,9%-ға артқан.
Биылғы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 96,5 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 4,2%-ға аз. Оның басым бөлігі мемлекетке келтірілген шығын болды: 54,2 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 7,7 млрд теңге. Тағы 3,7 миллиард теңге заңды тұлғаларға, 38,5 миллиард теңге жеке тұлғаларға келтірілген залал.