Ұрлап алған 26 миллион теңгені казино ойындарына жаратып жіберген.
Шардара ауданының мұғалімдері алаяқтың арбауына түсіп қалды. Шымкенттік тұрғын бес мектептің 1С бухгалтерлік бағдарламасын мықты меңгеріп алған екен. Интернет арқылы ұрлық жасап, 26 миллион теңгені өз қалтасына басқан. Ол ұстаздардың жалақысы. Жымқырған ақшасын казино ойындарына жұмсап үлгеріпті.
Алайда алаяқтың қуанышы ұзаққа созылмады. Ол есепшотына қомақты қаражат түскен соң күдікке ілініп, Алматы қаласында қолға түсті. Тінту кезінде қалтасынан 1,5 млн теңгеге жуық қаржы табылған. Сонымен қатар, күдіктінің анасы «балам берген еді деп» 1 млн 300 мың теңгені полицияға әкеліп беріпті. Қалғанын ойын автоматтарында ұтылып үлгерген.
Күдікті 188 баптың 4-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда сот үкімі күшіне енген жоқ. Жаратылмаған 12 млн теңге дер кезінде қайтарылды. Қазіргі таңда ол қаржылардың барлығы мемлекет кірісіне қабылданды,
Шардара ауданының прокуроры Руслан Әбдірайымов.
Мұғалімдердің жалақысы жартылай қайтарылды. Қалғанын күдікті өзі тауып беруге міндетті.
Еске сала кетейік, біздің ұжым сіздер үшін алаяқтардың алдау тәсілдері және олардан сақтанудың жолдары туралы мақала дайындады. Оқи отырыңыздар!