Ауа-райының қолайсыздығына байланысты еліміздің бірқатар өңірінде оқушылар бірінші ауысымдағы сабақты қашықтан оқитын болды. Ал 9 облыста республикалық маңызы бар жолдар жабық.
Абай облысында 9 қаңтар күні Семей және Курчатов қалаларында, Бесқарағай, Аягөз аудандарында бірінші ауысымның 1-11 сынып оқушылары және колледж студенттері онлайн білім алады. Қалған аудандарда сабақ әдеттегідей офлайн режимде өтеді.
Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданында 0-11 сынып оқушылары үйде қалады.
Қостанай облысында облыс орталығы мен Рудныйда, Амангелді, Жангелдин, Жітіқара аудандарында балалар мектепке бармайды.
Сонымен қатар Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында 35 градус аязға байланысты 0-11 сынып оқушылары және колледждің 1,2 курс студенттері қашықтан оқиды.
Ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 37 учаскесінде көлік қозғалысы шектелді.
Тасжолдар Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жабылды.