Ақмола облысы Білім басқармасының «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Хайрушев Жарас шетелдік 6 университеттің грантын ұтып алды, деп хабарлайды «Адырна».
Жарас АҚШ-тың 6 университетінің:
- Widener university — 148000$;
- Michigan state university — 72000$;
- Arizona state university — 52000$,
- Loyola university Chicago — 84000$,
- Adelphi university — 100000$,
- George Mason university — 48000$ грант иегері атанды.
Сондай-ақ АҚШ-тың және Канаданың 4 университетінен (Pennsylvania state university, University of Illinois Chicago, University of Toronto , University of Ottawa) арнайы шақырту алып отыр.
Жас түлек бала кезінен криминалист болуды армандайды. Бұл сала туралы түрлі фильм мен көркем әдебиетті оқып, болашақ мамандығы туралы ізденуді 7-сыныптан бастаған.
Қазіргі қоғамда қылмыстың өршіп тұрғандығы және оның алдын алу жолдары қандай деген сауал Жарасты бей-жай қалдырмады. Ол осы мәселе төңірегінде үнемі ізденіп, түрлі әдебиеттер оқып, 2022-2023 оқу жылы “How do people get on the path murder and violence” деген тақырыпта адамдардың қылмысқа бару себебі жөнінде ғылыми зерттеу жоба жұмысын жазады. 2021-2022, 2022-2023 оқу жылы Жарас ағылшын тіліндегі республикалық дебат турнирлеріне қатысып, 1-орын иегері атанды. Сондай-ақ ағылышын тіліндегі “World scholars cup” халықаралық олимпиадасына қатысып, 5 алтын, 1 куміс медаль иеленді. Үздіксіз дайындық пен табандылығының нәтижесінде Жарас IELTS сынағын 7 балға, SAT емтиханын 1200 балға тапсырып, өзі арман еткен криминалист мамандығы бойынша шетелдің белді оқу орындарында заманауи білім алу мүмкіндігіне ие болды.