Жоғары технологиялар саласындағы көшбасшылық үшін күрес шиеленісуде; Франция президентінің жақтастары дүрлігуде; Adidas өзін Black Lives Matter компаниясымен шатастырғанын қаламайды; Америка мұнай экспорты бойынша Ресейді басып озды; демократия саммиті шерулердің таралуы аясында өтеді. Бұл әлемдік БАҚ-дағы ең өзекті тақырыптар.
Мұнай үшін шайқас
Fox News АҚШ-тың Еуропадағы ең ірі мұнай жеткізуші болған Ресейді басып озғанын хабарлады. Евростат деректеріне сәйкес, олар 2022 жылдың желтоқсан айында ЕО-қа 34,5 миллионға жуық мұнай экспорттады, бұл ЕО жалпы импортының шамамен 18% құрайды. 2021 жылдың соңғы тоқсанымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 6%-ға өсті.
Бұған дейін Ресей Еуропаға импортталған мұнайдың жалпы көлемінің үштен бірінен астамын тасымалдайтын, алайда Ресейге қарсы санкциялардан кейін ол еуропалық энергетикалық нарықтан айырыла бастады. 2022 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша ресейлік мұнай импорты 7,6 миллион баррельге дейін төмендеді, бұл ЕО-тың жалпы мұнай импортының шамамен 4%-ы және АҚШ импортының төрттен біріне де жетпейді.
Солға ма, оңға ма?
The Wall Street Journal өткен аптада АҚШ президентінің әкімшілігі жоғары технологиялар саласындағы ойын ережелерін тағы да өзгерткені туралы жазды. Осыған дейін чип өндірушілер АҚШ-та өндіріс орындарын ашу үшін қомақты гранттар алуға белсенді түрде дайындалып жүрген, алайда бірінші қосымша шарттардан кейін белсенділік біршама төмендеді. Анықталғандай, грант алу арқылы компаниялар өз қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыруға, соның ішінде американдықтардың осал санаттарынан жаңа жұмысшыларды оқытуға айтарлықтай қаражат жұмсауға міндеттеледі екен.
Енді әкімшілік АҚШ-тың жартылай өткізгіш өндірісіне жаңа 25% инвестициялық салық несиесін енгізу туралы шешім қабылдады, бұдан бөлек компаниялардың Қытаймен бизнес жүргізуіне кедергі болатын шектеулерді ұсынды. Қысқасы, грант іздеуші компаниялардың алдында қиын таңдау тұр: Америкада даму үшін Вашингтонның қаржылай көмегін пайдалану немесе өнімдердің үлкен нарығына ие және озық технология саласын дамытуда зор болашағы бар Қытайды таңдау.
Макрон бақылауды жоғалтуда
Bloomberg ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Францияның барлық қалаларында зорлық-зомбылықтың күшеюі президент Эммануэль Макронның коалициясында алаңдаушылық туғызатынын жазады. Кейбір жетекші жақтастарды жағдайдың бақылаудан шығып бара жатқаны мазалайды.
Макронның Ұлттық ассамблеядағы одақтастары оның зейнетақы реформасын әлі де қолдайды, дегенмен олар президентті шерулердің қарқындылығын азайтудың жолын табуға шақыруда. Көшелерде наразылық білдірушілерге қарсы шыққан полицейлердің көбеюі салдарынан адам өлімі орын алуы мүмкін деген қауіп бар, ал бұл ашу-ызаның жаңа толқынын тудыратыны сөзсіз.
Adidas қарсы
The Guardian хабарлауынша, Adidas АҚШ-тың сауда белгілері басқармасына үш параллель жолағы бар Black Lives Matter сауда белгісіне өтінімді қабылдамауды сұрады. Компания мәлімдемесінде Black Lives Matter Global Network Foundation логотипінің дизайны спорт брендінің жанкүйерлерін шатастыруы мүмкін деп жазды.
BLM орталықтандырылмаған қозғалысының көптеген қорларының бірі өзінің сауда белгісімен бірқатар өнімдерді, соның ішінде Adidas-қа ұқсас заттарды шығармақшы. Сондықтан, спорттық бренд өнімдері шатастырылуы мүмкін деп алаңдайды. Ал сапа айырмашылығын ескеретін болсақ, бұл тұтынушылардың пікіріне әсер етеді. Бұдан бөлек BLM қоры сауда белгісін тіркеген кезде логотиптің түсін ақ-қараға өзгерте алатынын көрсете кеткен. Сауда таңбалары жөніндегі ведомство Black Lives Matter тобына жауап қайтару үшін 6 мамырға дейін уақыт берді.
Жаһандық демократияға қауіп төніп тұр
The New York Times осы аптада басталатын демократия саммиті АҚШ президентінің үмітін ақтамауы мүмкін деп болжайды. Байден мәлімдеген жаһандық демократияны қорғау қазір саяси толқулармен сыналуда – әсіресе Франция мен Израильде. Саммит әлі де толық демократиялық емес шаралармен еңсеріліп жатқан дағдарыстар аясында өтетін болады.