Соңғы жеті жылда интернет-алаяқтықтық белең алып тұр.
Мұндай қылмыстардың өсуінің негізгі шыңы 2020 (14 мың) және 2021 жылдарға (21 мың) келеді. 2022 жылдың басынан бері 9,5 мың жағдай тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz. Бұған банк қызметтерін цифрландыру да ықпал етті.
Интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған тәсілдері:
- интернет-хабарландырулар бойынша тауар немесе қызмет үшін алдын ала төлем не толық төлем алу
- пластикалық карталар шоттарынан ақша ұрлау
- әр түрлі жобаларға, ойындарға, инвестицияларға, ставкаларға ақша салу
- азаматтардың жеке деректерін иеленуге арналған фишингтік сілтемелерді пайдалану
Сонымен қатар, қылмыскерлер банктердің немесе құқық қорғау органдарының қауіпсіздік қызметкерлері болып, азаматтардың шоттарындағы күдікті операциялар туралы хабарлайды. Адамдардың көбі ақшаны алаяқтар көрсеткен шоттарға аударады немесе оларға өз дербес деректерін ерікті түрде береді.
Қылмыскерлер телефонға қоңырау шалып, өздерін полиция қызметкерлері болып таныстырады, содан кейін олар қазіргі уақытта атыңызға несие алуға тырысқан алаяқтарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізіліп жатқанын айтады.
Басқа бір тәсілінде жалған полицей қазір ҚР Ұлттық банкімен бірлескен пысықтау жүргізіліп жатқанын хабарлайды және Ұлттық банк қызметкерімен байланыстыру үшін желіде қалуды сұрайды. Әрі қарай, телефонның арғы жағындағы дауыс сіздің картаңыз бойынша рұқсатсыз аударым жасауға әрекет жасалғандығы және ақшаны сақтап қалу үшін белгілі бір соманы банктік шотқа немесе үшінші тұлғалардың шотына салу керек екенін түсіндіреді,
деп түсіндірді мегаполис полициясы.
Ведомство полиция қызметкерлері ешқашан телефон арқылы арнайы операциялар мен тергеу әрекеттерін жүргізбейтінін атап өтті. Мұндайда олар полиция бөлімшесіне нақты күні мен уақытын белгілеп шақырады.
Банк қызметкерлері ешқашан картаңыз туралы деректерді сұрамайды, сондай-ақ ұялы телефонға келетін кіру кодтарын айтуды талап етпейді. Мұндай жағдайларда сіз телефон тұтқасын қойып, банк картасында немесе банк сайтында көрсетілген сенімді нөмірге қоңырау шалуыңыз керек. Өзіңіздің банктік картаңыздың және жеке тұлғаңыздың деректерін ешкімге және ешқандай жағдайда бермеңіз,
деп нақтылады құқық қорғау органдары.