Айып тұрағы әкімшілігі қаңтарда Алматы көшелерінде атылған, өртенген көліктер туралы айтты. Бұл туралы Tengrinews.kz хабарлады.
Қаңтар оқиғасы кезінде оқ астында қалған көліктер әлі де арнайы тұрақта тұрғаны белгілі болды. Содан бері 9 айға жуық уақыт өтті.
Олар әлі сол қалпында тұр. Қожайындары келіп, қайтарып беруін сұрап жатады. Бірақ қазір тергеу жүріп жатыр, қайтара алмаймыз. Мұны полиция мен прокуратура шешеді. Шешім шыққаннан кейін ғана қайтарып береміз,
деді айып тұрағы әкімшілігі өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін өртенген және атылған 140 көлік Алматыдағы айып тұрағында тұрғаны хабарланған еді. Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде 47 көлік өртеніп, 48-і атылған, тағы 17-сі қарақшылық шабуылға ұшыраған. Тағы 40 автокөлік құқық қорғау органдарына тиесілі, оның ішінде автозактар мен жүк көліктері бар.
Көкжиектегі айып тұрағында «Гелендвагендерді», «Лексустарды» және «Мерседестерді», бүлік шығарушылар басып алған әскери жүк көліктерін байқауға болады.