Тергеу органы істі «қылмыс құрамы болмағандықтан» тоқтатқан. Бұл туралы Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан «Азаттық» радиосына хабарлады.
Бұл масқара ғой, сөзім жоқ. Қызымды өлтіргендерді табудың орнына істі тоқтатқан, онысымен қоймай істі «құпия» етіпті. Желтоқсанның аяғында тоқтатыпты. Кеше оны естіп адвокатым айқай-шу шығарғаннан кейін хат жіберіпті. Енді іс материалдарын да көре алмайтын болдық. Не істерімді де білмей отырмын, ести сала қолхат жазып ауруханадан бүгін шықтым,
дейді қаза тапқан қыздың әкесі Айдос Мелдехан.
Айкөркемнің әкесі бұған дейін ауруханаға түсіп, бүйрегіне операция жасалған.
Төрт жасар Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оның 16 жастағы әпкесі жараланып, ақпанда ауруханадан шыққан. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Балалардың әкесі бұған дейін көліктен әскери оқ тапқанын хабарлаған.
Адвокат Рафик Бейсековтың айтуынша, тергеу органы істе «қылмыс құрамы жоқ» деп жауып тастап отыр. Яғни, Айкөркемді ату қылмыс емес, қаруды заңды негізде қолданған-мыс. Әрі қарай шағымданып, күресетіндерін жеткізді.
Полицияның азаптаулары бойынша істердің тоқсан пайыздан астамы жабылып жатыр. Жұрттың ауыз толтырып талқылап жатқаны макдональдс пен ет жемейтін министр.