Болат Назарбаев «Алтын Орда» базарының иесі емес екен.
Сауда және интеграция министрлігінде өткен брифингте министр Арман Шаққалиев
тексеру қорытындысы туралы мәлімдеді.
«Білесіздер ме, біз зерделеген құжаттарда ол базар иесі деп көрсетілмеген. Сондықтан мен оның тұлғасы туралы, Болат Назарбаев меншік иесі, оның «құлағы бір жерден қылтиып тұр» деп айта алмаймын. Заң бойынша айта алмаймын», – деді А. Шаққалиев.
Министр «Алтын Орда» базарының меншік иесі саналатын тұлғалар бар екенін, оның ЖШС екенін, олар жол картасына қол қойғанын, өздеріне жауапкершілік алғанын мәлімдеді.
«Біз барлығын солардан сұраймыз. Олар тізілімге тіркелген, ресми меншік иесі», – деді А. Шаққалиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іске Болат Назарбаевтың қатысы жоқ.
Министр тексеріс барысында «Алтын Орда» базарында санитарлық-гигиеналық талаптың орындалмауына, өртке қарсы қауіпсіздік шараларының бұзылуына, құрылыс нормаларының талапқа сай еместігіне, көші-қон заңнамасының сақталмауына қатысты әрекеттер әшкереленгенін жариялады.
«Тәртіпті қалпына келтіріп, заң бұзушылықты жою үшін құрамына құзырлы органдардың өкілдері енген арнайы топ құрылды. Бүгінгі таңда көрсетілген кемшіліктердің басым бөлігі дұрысталды. Біздің басты мақсатымыз «Алтын Орда» базарын қалыпты, өркениетті форматқа жеткізу», – деді А. Шаққалиев.