Жаңа Қазақстан үшін өтіп бара жатқан 2022 жыл үлкен сынақтарға толы болды. Карантиннен енді есімізді жинап келе жатқан едік. Алайда жылдың басы қасіретті қаңтар оқиғасынан басталып, жаңа мемлекет басшысын сайлаумен аяқталды. Globalnews тілшісі жылды қорытындылап, халықтың жадында мәңгі қалған басты оқиғаларды тізіп шығады.
DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жасау бюросы азаматтар арасында «2022 жылдың ең маңызды оқиғалары» тақырыбында сауалнама жүргізді. Қазақстандықтардың 54%-і үшін қаңтардағы қайғылы оқиға ең маңызды болған. 41% азамат азық-түлік өнімдері бағасының бұрын-соңды болмаған өсімін атаған. Респонденттердің 40%-не Украинадағы соғыс айтарлықтай әсер еткен. Сол шамадағы азаматтар (39%) Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау қоғам үшін аса маңызды оқиға болды деп атаған.
Қасіретті қаңтар
Жаңа жыл басталмай жатып Қазақстанда халық наразылығы болды. 2022 жылы 1 қаңтарда үкімет сұйытылған мұнай газының бағасы кезең-кезеңмен өзгеретінін айтқан еді. 2 қаңтарда Ақтау пен Жаңаөзенде газ бағасының жоғарылауына байланысты бейбіт ереуілдер басталды. Бір литр газ бағасы 60 теңгеден 120 теңгеге бірақ шықты. Халық алдымен жанармай бағасын төмендетуді талап етті, кейін экономикалық талаптар саяси бағытқа ауытқыды. Ереуілшілер қазіргі үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. Дәл осы күні Ақтау қаласындағы наразылық білдірушілер де жаңаөзендіктерге қосылды.
3 қаңтарда наразылық шеруі Қазақстанның көптеген өңірінде жалғасын тапты. Осы кезде Алматыда Республика алаңы жабылып, мобильді интернет те тоқтатылды.
Газ бағасын төмендетумен қатар, билік өкілдері жаппай ереуілге қатысушыларды жауапқа тартпаймыз деп уәде берді. Барлық туындаған мәселелерді тараптар диалог арқылы және қолданыстағы заңнама аясында шешуге келісті.
4 қаңтар күні кешке қарай шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қазақстанның әр қаласында тәртіп сақшыларымен қақтығыстар басталды. Алматы, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда қалаларында наразылық білдірушілер әкімдікке, «Нұр Отан» партиясының, құзырлы органдардың ғимараттарына басып кіріп, жаппай бүлдіру, өртеу әрекеттеріне барды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүлік басталған алғашқы тәуліктерде «өте батыл қимылдар жасайтынын» мәлім етті. Ол алдымен сыннан көз ашпаған Мамин үкіметінің отставкасын қабыл алды. Бұдан кейін Назарбаевтан Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын алды. Президент бұл оқиғаны «билікті күшпен басып алу» деп бағалап, әскерилерге ескертусіз оқ атуға бұйрық береді. Елде төтенше жағдай жарияланып, билік мемлекетке «террористер шабуыл жасады» деп мәлімдейді.
Қақтығыстардан, әсіресе, Алматы қаласына қатты залал келді.
6 қаңтарда Қазақстан билігі ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінен көмек сұрады. Қасіретті қаңтар оқиғалары кезінде 238 адам опат болды. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер. Із-түссіз жоғалып кеткен азаматтар да бар. 500-ден астам бейбіт тұрғын, оның ішінде 130 әйел мен қарт адам соққыға жығылды.
Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов орынбасарларымен бірге қамауға алынды. Оларға мемлекетке опасыздық жасады деген айыптар тағылды. Мәсімов пен оның сыбайластарының ісі жуырда сотқа түсті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың беделі, ықпалы күрт төмендеді. Оның туыстары, жегжаттарының бәрі қызметтен кетті. Бірқатары қамауға алынды. Тұңғыш президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды 6 жылға сотталды. Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астанаға ауыстырылды.
Қаңтар оқиғасын кім ұйымдастырды? Бұл сұраққа осы уақытқа дейін нақты жауап жоқ.
Ресейдің содыр саясаты
24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украина аумағында «арнайы әскери операция» басталғанын хабарлады. Алайда Украинаның өзінде және басқа елдерде мұны өзге аумаққа күшпен басып кіру деп атайды. Осыдан кейін Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлап, Ресейге қарсы көптеген санкция салынды.
21 қыркүйекте Ресей билігі елде жаппай ішінара мобилизация жариялады. Ресей ішіндегі дүрбелең Қазақстанға да әсер етті, ел азаматтарын соғыс аймағына алып кету туралы заңнан кейін көптеген ресейлік азамат Қазақстанға қоныс аударды.
ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, елімізге жыл басынан бері 3 миллионға жуық Ресей азаматы келген.
Finprom.kz мәліметінше, өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысында ресейліктердің ең көп саны тіркелген, яғни 469,7 мың адам. Екінші және үшінші орындарда Қарағанды облысы (469,2 мың) мен Алматы (458,9 мың) орналасқан.
Жаңа Қазақстан
Қасіретті қаңтардан кейін елімізде жаңа өзгерістер басталды. 5 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметті отставкаға жіберіп, Қауіпсіздік кеңесін басқарды.
Қаңтар оқиғалары тұсында Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысы қызметін атқарған Кәрім Мәсімов қаңтар айының басында мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған. Мәсімовтің ісі бойынша тергеу аяқталып, сотқа жөнелтілді. Кінәсі дәлелденсе 17 жылға сотталуы мүмкін.
Жаңа Қазақстанда тұңғыш президет Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарын биліктен шеттету көріністері байқалды. 17 қаңтарда күйеубаласы Тимур Құлыбаев “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы қызметінен кеткенін мәлімдеді. Құлыбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың екінші қызы Динара Құлыбаеваның күйеуі.
Сонымен қоса Назарбаевтың күйеу балалары Қайрат Шәріпбаев пен Димаш Досанов “QazaqGaz” және «ҚазТрансОйл» ұлттық компанияларының басқарма төрағалары қызметінен кеткені белгілі болды.
Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК-дегі қызметінен босатылды. Әбішті қызметінен босату туралы жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған.
19 қаңтарда мәжіліс депутаттары 2020 жылы қабылданған “Ұлт көшбасшысы туралы заңға” түзетулер енгізді. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесі мен Қазақстан халқы Ассамблеясын өмір бойы басқару құқығынан айырылды. 27 қаңтарда Назарбаев Қазақстанның билеуші партиясының (қазіргі Amanat) басшысы қызметінен босатылды.
25 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату жөнінде қаулы шығарды.
13 наурызда Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыұлы ұсталды. Сатыбалдыны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша ұстаған. 6 ай абақтыда отырған Сатыбалдыны сот ақыры 6 жылға бас бостандығынан айырды.
15 наурызда Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаев ұсталды. Боранбаевтың қызы Әлима – 2020 жылы көз жұмған Айсұлтан Назарбаевтың әйелі болған. Қаржылық мониторинг агенттігі Қайрат Боранбаевтың үстінен квазимемлекеттік секторда аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактісімен іс қозғаған.
Әскердегі өлім-жітім
2022 жылы әскерде сарбаздардың қаза табуы жиіледі. Ұлттық ұланның Ақтаудағы 3502 әскери бөлімінің арнайы комендатурасын басқарған Абылай Мерғалиев 30 шілдеде Ақтау маңындағы Басқұдық ауылындағы үйінің дәретханасында асылып тұрған күйі табылды. Марқұмның артында әйелі мен кішкентай қызы қалған.
29 шілдеде Ұлттық ұланның Степногорскідегі 3517 әскери бөлімнің қатардағы жауынгері 27 жастағы Н.Оразбай жұмыс орны – автопаркте өлі табылды. Ұлттық ұланның ақпаратына қарағанда, 29 шілде түнге қарай автопарк бойынша тәулік кезекшілікте тұрған Оразбай дәретханаға кетіп, кері оралмаған. Кейін оның сол жердегі қоймадан асылып тұрған күйі тапқан.
10 тамызда тағы бір сарбаздың қаза тапқаны жайлы хабар тарады. Ұлттық ұлан жауынгері Шахимов Алматы облысы 5574 әскери бөлімінің жаттығу алаңында басына темір тиіп, жараланып, Қонаев қаласындағы ауруханада көз жұмғаны хабарланды.
10 сәуірде Жамбыл облысындағы “Андас батыр” шекара бекетіндегі қатардағы жауынгер 19 жастағы Ұлықбек Бердешовтің жартасқа асулы денесі Қырғызстан аумағынан табылған. Шекара қызметі оның ата-анасына «алдын ала нұсқа бойынша, балаларыңыз өзіне қол жұмсаған» деген.
Сәуірде Жамбыл облысындағы әскери бөлімге келгеніне төрт күн болған 18 жастағы Әлібек Қалбай есімді жауынгер жұмбақ жағдайда көз жұмған. Бастапқыда жауынгердің «таңғы сап кезінде есінен танып қалғаны», артынша көз жұмғаны айтылған. Кейін қорғаныс министрлігі «Әскери қызметшiлер қарым-қатынасының жарғылық қағидаларын бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті анықталғанын мәлімдеген.
Биыл маусым айында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы ҰҚК Шекара қызметінің әскери бөлімінде түркістандық 19 жастағы сарбаз Еділ Тешебаев қаза тапты. Шекара қызметінің баспасөз бөлімі «Еділ Тешебаев өзіне қол жұмсады, суицидке әскери қызмет емес, отбасылық-тұрмыстық проблемалар себеп болған» деп хабарлаған.
Қостанайдағы алапат өрт
3 қыркүйекте Қостанай облысында табиғи өрт шыққан еді. Салдарынан бірнеше ауылдағы 108 құрылыс бүлініп, 1800-ден аса адам эвакуацияланған болатын. Сондай-ақ, 10 адам жарақат алған еді, оның ішінде күйік шалғандар мен уланғандар бар. Өңірде жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған болатын.
Ауылдар ішінде Аманқарағай ең көп зардап шеккен ауыл болды. Мұнда 91 үй өртенген. Олардың барлығы дерлік жанып кеткен.
4 қыркүйекте таңертең Аманқарағай ауылында үйінділерді тазалау кезінде 86 жастағы зейнеткердің мәйіті табылды. Бас прокуратура Қостанай мен облыстағы өртте адамдардың қаза табуы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал 22 қазанда Қостанай облысында өрттен зардап шеккен Әулиекөл ауданының тұрғындарына жаңа үйдің кілті табысталды.
Пәтер қымбатшылығы
Ресейліктер жаппай көшуіне байланысты пәтер қымбаттады. Әсіресе, бұл жайт халық көп шоғырланған, студенттер көп оқитын Астана, Алматы секілді мегаполистерде байқалды.
Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметі мәліметінше, Қазақстанда бір жылда баспана 26,9 пайызға, ал жалға алу 48,6 пайызға қымбаттаған.
Krisha.kz сарапшылары ресейліктердің ағылып келуінен кейін пәтер жалдау бағасы қаншалық арзандағанын есептеп көрген болатын. Пәтер бағасы қазанның ортасынан бастап түскен, содан бері бағалар орта есеппен 30 пайызға төмендеген. 8 желтоқсандағы мәлімет бойынша, пәтер бағасы айтарлықтай төмендеген қалалар көшін Петропавл, Орал, Ақтөбе бастап тұр. Онда шаршы метрі орта есеппен 40-50 пайызға арзандаған.
Одан кейін Астана, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Атырау, Алматы, Қарағанды, Ақтау қалаларында пәтер жалдау ақысы дүрбелең кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда арзан болған.
Қазақ тілі жәні Мухоряпов
Биыл қазақ тілінің төңірегінде дау болды. Chocolife компаниясының директоры Рамиль Мухоряповтың ресейліктермен кездесуде шетелдіктерге қазақ тілінде жауап беру “мәдениеттің көрінісі емес” деген сөзі үшін қатты сынға ұшырады. Даулы мәлімдемесінен кейін кәсіпкер қазақстандықтардан кешірім сұрағанымен, бұл мәселені ешкім жылы жауып қойғысы келмеді.
Танымал қоғам белсенділері кәсіпкерді жауап тартуды талап етсе, тұтынушылар оның компаниясына бойкот жариялады. Кейін Алматы полициясы Мухоряповтың «қазақ тілі туралы» мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Полиция «өшпенділік тудыру» бабы бойынша іс қозғаған.
Қатып қалған Екібастұз
Биыл күзде Екібастұз тұрғындары да зардап шегіп, қала жылусыз қалды. Оқиға 27 қарашада түнде басталды. Сағат 01:20 шамасында, Екібастұз ЖЭО-да қазандық істен шығып, он минуттан кейін тағы үшеуі тоқтаған болатын. Сол уақыттан бері қалада тұрғындар жылу жоқ екенін айтып, шағымдана бастаған. Қалада төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдай жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін күшінде болады. Павлодар облысының прокуратурасы Екібастұздағы төтенше жағдай бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев проблемалық энергетикалық активтерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды тапсырды.
1 желтоқсанда Роман Скляр Екібастұзда болған ірі коммуналдық апаттың алдын ала себебін атаған. Ол жылу желілерінің бұзылуына станция қызметкерлерінің қате әрекеті себеп болғанын айтқан еді.
Президент Әбілқайыр Сқақовты Павлодар облысының әкімі лауазымынан босатты. 7 желтоқсанда Асайын Байханов Павлодар облысының әкімі қызметіне тағайындалды. 8 желтоқсанда Екібастұзда төтенше жағдай режимі алып тасталды. Бұл туралы жаңа тағайындалған әкім мәлімдеді.
Асқар Забикулиннің қазасы
Астанада өрт шыққан көпқабатты үйлердің бірінен үш адамды құтқарып қалып, өзі ауыр жарақаттан есін жимастан ауруханада көз жұмған өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің ерлігі бүкіл қазақстандықтарды тәнті етті.
Адамдарды өрт аузынан аман алып қалған Асқардың денесін 80% күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылған. Төрт күннен соң өрт сөндіруші есін жимастан көз жұмды.
22 қарашада Көкшетауда қаза асы өтіп, батыр өзінің туған жері – Үлгі ауылында жерленді.
Мемлекет басшысының атынан ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мен елорданың сол кездегі әкімі Алтай Көлгінов өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификатын табыстаған.
Асқар Забикулиннің отбасы құрғанына 5 жыл болған. Батырдың артында әйелі мен екі баласы қалды.
Қазақ қызының қазасы
Сеулдің Итхэвон ауданында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде 150-ден астам адам бірін бірі таптап өлтірген қайғылы оқиға болды. Мерекені тойлау үшін жиналған адамдар аудандағы тар көшеге жиналған. Жиналғандардың көпшілігі ауа жетпей қаза тапқан. 29 қазанда қайтыс болғандардың көпшілігі түнгі клубтарымен әйгілі Сеулдегі Итхэвон кварталына пандемиядан кейінгі алғаш рет Хэллоуинді тойлауға барған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, онда 100 мыңға дейін адам жиналған.
Соңғы мәліметтер бойынша, Итхэвондағы қарбалас кезінде 156 адам опат болған. Қайтыс болғандардың арасында 1996 жылы туған Қазақстан азаматы Мәдина Шерниязова бар. Хэллоуин мерекесі кезінде қаза тапқан қазақстандық студент туған жері Ақтөбе қаласында жерленді Мадинаның денесі Алматыға 3 қарашада әкелінген.
2023 жылдан не күтеміз?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жыл қиын әрі күрделі болады деген болжам жасаған. Халықтың үкіметке де, әкімдерге де көңілі толмайтыны белгілі. Сондықтан үкіметтің тағдыры келесі жылы өтетін Парламент сайлауынан кейін шешілетін сияқты.