Көліктің астында қалып немесе адамның қолынан қаза тапқан кішкентай достарымызды еске алу мақсатында Шымкентте ең әсерлі ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Otyrar.
Үстінде мысық тыныш қана ұйықтап жатқан мынау ит христиан зиратына келіп оларды еске алғандарды осылайша қарсы алады. Төрт аяқтыларға ақшалай көмек көрсету үшін ескерткіштің беткі жағында шот көрсетілген. Ескерткішті Мария Брезинская өз қаражатына орнатыпты.
Көп жылдар бойы үйсіз-күйсіз қалған жануарларды асырап, қамқор болып жүрген бір жомарт әйел бар. Ол жалғыз өзі үлкен қайырымдылықпен айналысып келеді. Мен де осылайша өз септігімді тигізгім келді,
дейді Брезинская.
Аталмыш идеяны іске асыруға шабыттандырған еріктінің құрбысы – Ольга Ахмедова. Ол өз қаражатына жануарларды емдеумен айналысады. Қаңғырған иттер мен мысықтарға мейрімділікпен қарауды міндеттейтін заң бір күні қабылданатынына Мария сенеді.
Біз жануарларды жаппай зарарсыздандыру туралы заңның қабылдануын күтіп отырмыз. Олардың көзін құртудың қажеті жоқ. Мәдениеті жоғары қалаға айналу үшін, ең алдымен жануарларға деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Жалпы бүкіл әлем мейірімділік пен сүйіспеншілікте өмір сүруге лайықты. Балалар үйі мен қараусыз қалған жануарлар мүлдем болмаса екен деп армандаймын,
дейді Брезинская.
Ескерткіште бейнеленген ит пен мысық шынайы өмірден алынған. Олар жақсылардың қолына түсу бақытына ие болған нағыз қаһармандар.
Үмітіміз ақталар деп сенеміз. Ескерткіште көрсетілген шотқа жанашыр тұрғындар қаржылай көмек көрсетсе, үйсіз достарымызды тамақтандырып, тұратын жерін табуға септігін тигізер еді
Ольга өмірілік серігімен бес жыл бойы көше кезген ит пен мысықтарға ыстықта су, суықта тамағын қойып кетеді екен.
Бұл мүсін бізге тәуелді әрі әлсіз жануарларға қамқор болуды адамдардың есіне тағы да салатын сияқты.