Қазақстандағы ең жас адвокат деп айтылып жүрген Аида Өтесін OY-DETOX-тың қонағы болды. Адвокаттың айтуынша, сотта клиентіңді қазақша қорғасаң жеңіске жету қиын.
Әйнел Әмірханның OY-DETOX деген авторлық подкасына адвокат Аида Өтесін қонақ болды. Еліміздегі ең жас адвокат саналатын маман соттағы қазақ тілін қолдану мәселесін көтерді.
Подкаст жүргізушісі адвокаттан қазақ тілінде жүргізілетін соттарда жеңіске жету мүмкіндігі аз дейтінін, бұл қаншалық шын екенін сұрады.
Бұл шын. Қазақстандағы қазақша жүргізетін адвокаттардың бірі ретінде айтайын, өте қиын. Неге? Себебі сені түсінбейді,
деді Аида Өтесін.
Оның айтуынша, бұл олқылықтың орны толуы үшін тағы бір 30 жыл керек.
Мықты судьялар мен мықты прокурорлар, мықты тергеушілер бар бізде. Оны жоққа шығармаймын. Бірақ олардың көбі орысша сөйлейді. Қазақша түсінбейді, амал жоқ, орысшаға көшесің. Бірақ егер клиентім қазақша жақсы түсінетін болса, қазақша кеттік деймін. Олар да түсінсін, оларға үйретейік. Тағы бір 30 жыл керек, сонда деңгей көтерілетін шығар,
дейді адвокат.
Оның айтуынша, заңды қазақ тобындағы оқыған түлектер көбейіп келеді.
Біздің өзіміз 50 адам қазақ тобынан, 25 адам орыс тобынан шықтық, мысалы. Қазақ тілінде құқық беруді көтерсек, құқықтық қазақ тілінде сөйлей алатын жақсы заңгерлер көбейеді деп ойлаймын,
деді Аида Өтесін.