Air Astana әуе компаниясына Fly Arystan рейсін кешіктіргені үшін тағы да айыппұл салынды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша әуе тасымалдаушылары жауапкершілікке тартыла бастағанын хабарлады.
Тергеу кезінде 2022 жылғы 16 шілдеде Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan бөлімшесінің Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсі 12 сағат 9 минутқа кешіктіргені анықталды. Ұшуды күту кезінде осы рейстің жолаушыларына әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда қонақүйге орналастыру қызметі көрсетілмеген.
4 тамызда әуе компаниясына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1 000 АЕК – 3 063 000 теңге айыппұл салынды,
делінген хабарламада.
Азаматтық авиация комитеті төрағасы Талғат Ластаев кейінгі бір айда Air Astana авиакомпаниялар тобы осымен төртінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып отырғанын айтты. Компанияға бір айда рейс кешіктіргенде жолаушылар құқығын бұзғаны үшін жалпы 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
Комитет заңнамада көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда әуе тасымалдаушыларын әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша қажет шараларды қабылдайды,
деді Талғат Ластаев.
Еске салайық, Air Astana әуе компаниясына Алматыдан Шымкентке ұшатын Fly Arystan рейсін 15 сағатқа кешіктіргені үшін айыппұл салынған еді.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тергеу амалдарын бастағанын мәлімдеген еді.