Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев әуе компанияларына жаңа ұшақтар сатып алуды тапсырды.
Кейінгі кезде әуе транспортындағы жолаушылар ағыны артып, бұл рейстердің кешігуіне әсер еткен. Солайша, ел ішіндегі және халықаралық бағытта ұшатын жолаушылардан әуе компанияларына арыз көптеп түсе бастаған.
Күн санап өсіп жатқан сұранысты қанағаттандыру және рейстердің кешігу деңгейін төмендету үшін 2025 жылға қарай Қазақстанның әуе кемелері паркі жалпы 51 ұшақ сатып алады.
Жыл соңына дейін сыйымдылығы 2,5 мың орын болатын 14 жаңа әуе кемесі пайдалануға беріледі. Оның ішінде SCAT әуе компаниясы 9 ұшақ, Fly Arystan 3 және Air Аstаnа 2 ұшақпен толығады. Бұл шаралар тасымалдау сыйымдылығын едәуір арттырады,
деп жазды министр Telegram-каналында.
Министр жалпы рейстердің кешігу фактілері бойынша түсіп жатқан шағымдарды ескере келе, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тергеу амалдарын бастап кеткенін мәлімдеді.
Егер жолаушылар құқығын бұзу фактілері анықталса, сол әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылады,
деді министр.